1414-тен келген код пен жалған кредит: Ақтөбеде азамат қомақты қаржысынан айырылды
Фото: freepik
Полицияның айтуынша, алдымен бейтаныс адамдар өзін "Энергожүйе" компаниясының қызметкерлері ретінде таныстырып, жоспарлы есептегішті ауыстыру сылтауымен азаматтан 1414 нөмірінен келген СМС-кодты айтуын сұраған. Сенгіш тұрғын олардың талабын орындап, алаяқтарға алданғанын білмей қалған.
Біршама уақыттан кейін оған өзін банк қызметкерімін деп таныстырған тағы бір қоңырау түскен. Алаяқ азаматтың атына несие рәсімделіп жатқанын айтып, қылмыстың алдын алу үшін "айна" кредит алып, ақшаны "қауіпсіз шотқа" аударуды талап еткен. Зиянкеске сенген тұрғын онлайн-заем рәсімдеп, көрсетілген реквизиттерге қаржысын жіберген.
Кейін ол алаяқтардың арбауына түскенін түсініп, полицияға жүгінді. Келтірілген шығын – 2 млн теңгеден астам.
Полиция ескертеді:
- Ешқашан бөгде адамдарға 1414-тен немесе банктерден келген СМС-кодтарды айтпаңыз.
- Мемлекеттік орган, банк немесе коммуналдық қызмет ешқашан мұндай деректерді телефон арқылы сұрамайды.
- Ешбір банк пен құқық қорғау органы сізден кредит рәсімдеуді немесе ақшаны "қауіпсіз шотқа" аударуды талап етпейді.
- Күдікті қоңырау түссе, сөйлесуді дереу тоқтатып, ұйымның немесе банктің ресми байланыс нөміріне хабарласыңыз.
"Егер сіз немесе жақындарыңыз алаяқтықтың құрбаны болсаңыздар, дереу полицияға немесе 102 нөміріне хабарласыңыздар. Қырағы болыңыздар! Бұл схемалар туралы жасы үлкен туыстарыңызға айтыңыздар – бірге ғана алаяқтарға қарсы тұра аламыз", – деп үн қатты полиция.