Алматыда заңсыз салынған 100-ден аса нысан сүрілді
Фото: Zakon.kz
"Qazaqstan TV" телеарнасының ақпаратынша, құрылысы аяқталып қалған тұрғын үй кешенінен пәтер алуға қомақты қаржы салып, артынан опық жегендердің саны көп. Бір мысалда, құрылыс компаниясы кепілде тұрған жерге заңсыз үй салып, кейін банк ол нысанды тартып алып, басқа мекемеге сатып жіберген.
Мұндай жағдайлар Алматыда жиі кездеседі. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, соңғы жылдары заңсыз және рұқсатсыз құрылыстарға қарсы бақылау күшейген. Әсіресе таулы аймақтарда өз бетінше салынған нысандар жиі анықталады. Қазір сол өңірлерде 42 заңсыз құрылыс тіркелген: 16 нысан бұзылды, тағы 16 іс сотта, 7-еуі қаралып жатыр.
"Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік шара қолданып, Әкімшілік кодекске сәйкес ары қарай нұсқама береміз. Құқықбұзушылықты жою жөнінде. Құқықбұзушылық біз берген мерзімде жойылмаса, әрі қарай 244-бапты Азаматтық кодексті басшылыққа ала отырып, аталған нысан жөнінде сотқа талап-арыз жолдаймыз". Олжас Төлебаев, қалалық Қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы:
Әкімдік заңсыз құрылыстарды ерте анықтау үшін арнайы WhatsApp желісін іске қосқан. Соңғы екі жылда орталыққа тұрғындардан 10 мыңнан аса шағым түскен. Десе де мұндай бақылау аздық етеді, дейді сала мамандары.
Сондықтан құрылысшылар жылжымайтын мүлік сатып аларда сала мамандарына жүгініп, нысанның құжаттары толық екеніне көз жеткізу қажет екенін айтады. Әйтпесе заңсыз құрылысқа ақша салып, сан соғып қалуыңыз мүмкін.
Бұған дейін Павлодарда кондитерлік цехта өрт шыққанын жазғанбыз.