Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені көтерді
Фото: Zakon.kz
Бұл шара инфляцияның күшеюі, сұраныстың ұсыныстан асып түсуі және фискалдық саясаттың белсенділігі жағдайында баға тұрақтылығын сақтау мақсатында қабылданған.
Ұлттық банк мәліметінше, инфляцияның барлық негізгі көрсеткіштері бойынша өсім байқалып отыр. Қыркүйекте жылдық инфляция 12,9%-ға жетіп, тамыздағы 12,2%-бен салыстырғанда айтарлықтай жоғарылаған. Бұл көрсеткіш реттелетін қызметтердің (30,4%), азық-түлік тауарлары мен сервистік қызметтердің (15,3%) қымбаттауымен байланысты. Сондай-ақ, жанар-жағармай нарығын ырықтандыру шаралары да баға өсімін үдетіп отыр — бір жылда жанармай 11,9%-ға, ал қыркүйекте 3,4%-ға өскен.
Айлық инфляция да 1,1%-ға дейін жеделдеген (тамызда – 1,0%). Маусымдық және базалық факторлар ескерілмеген көрсеткіштер де өсу үстінде: инфляцияның тұрақты сипаты және қайталама әсердің күшейіп келе жатқаны байқалады.
Халықтың инфляциялық күтулері жоғары деңгейде қалып отыр. 12 айлық кезең бойынша олар 11,3%-дан 12%-ға дейін өскен. Сарапшылар бұл үрдіс баға белгілеудегі белгісіздікті арттырып, инфляцияны ұзақ мерзімде төмендетуді қиындатады деп есептейді.
Сыртқы факторлар да қысым көрсетіп отыр. Әлемдік азық-түлік нарығында ет пен өсімдік майы бағасының рекордтық өсуі байқалады. Бұл жағдай ішкі нарықтағы өнім бағасына тікелей әсер етеді.
Экономиканың өсу қарқыны биыл 6,5%-ға дейін жеделдеген (өткен жылы – 3,7%).
Өсім негізінен көлік және қоймада сақтау (+21,5%), құрылыс (+18,1%), сауда (+8,9%), сондай-ақ тау-кен (+9,6%) және өңдеу өнеркәсібі (+6,5%) салаларында байқалады. Алайда бұл өсім бюджеттік шығындар мен ішкі тұтынуға тәуелді секторларда шоғырланып, сұраныстың ұсыныстан асып түсуіне және импорттың өсуіне әкеліп отыр.
Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, қазіргі жағдайда ақша-кредит саясатын қатаңдату қажет болды. Себебі жоғары инфляция, күшейген сұраныс және теңгенің нақты айырбастау бағамының әлсіреуі инфляцияның төмендеу траекториясын бұзған.
"Базалық мөлшерлемені көтеру – инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға, теңге активтерінің тартымдылығын сақтауға және бағаның бақылаудан шығуына жол бермеуге бағытталған маңызды қадам", – делінген Ұлттық банктің хабарламасында.
Сонымен қатар, реттеуші орган алтын-валюта операцияларын теңестіру, микро және макропруденциялық шектеулер енгізу сияқты қосымша шараларды да қарастырып отыр.
Ұлттық банк инфляцияның баяулауын мұқият бақылауды жалғастырып, қажет болған жағдайда ақша-кредит саясатын одан әрі қатаңдату мүмкіндігін қарастырады.
Базалық мөлшерлеме бойынша келесі жоспарлы шешім 2025 жылғы 28 қарашада, сағат 12:00-де (Астана уақыты) жарияланбақ.