ШҚО-да жарты келіге жуық есірткімен курьер қолға түсті
Фото: pxhere
Күдіктінің уақытша тұрған жалдамалы пәтеріне санкцияланған тінту жүргізу кезінде ақ түсті ұнтақ тәрізді зат салынған бес полимерлі пакет және өсімдік тектес заты бар екі полимерлі пакет табылып, тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген психотроптық заттардың жалпы салмағы 495,32 грамды құрады.
Тергеу барысында ұсталған азаматтың мессенджерлердің бірі арқылы есірткі таратушы ретінде жұмысқа тартылғаны, сондай-ақ белгісіз куратормен байланыс орнатып, одан тапсырмалар алып отырғаны анықталды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция департаменті азаматтарды интернет арқылы есірткі таратуға тарту — аса қауіпті қылмыс екенін ескертеді.
"Жеңіл табыс" уәдесімен ұсынылатын мұндай әрекеттер міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке әкеліп, адамның болашағына зор қауіп төндіреді. Полиция жастарды сақ болуға және күмәнді ұсыныстарға алданбауға шақырады.