Қазақстандық заңсыз қамауға алынғаны үшін 8 млн теңге шамасында өтемақы өндіріп алды
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Оқиға 2023 жылы басталған. Сол кезде Орал қаласының тұрғыны алты ай бойы уақытша ұстау изоляторында қамалып, одан кейін бір ай үй қамағында болған. Кейін оған қатысты ұзақ уақыт бойы тексерулер мен сұрастырулар жүргізілген.
Алайда прокурордың шешімімен тергеу ісі қылмыстық құқық бұзушылық құрамының жоқтығына байланысты тоқтатылды.
Осыдан кейін ер адам республикалық мемлекеттік органға қарсы өтемақы талап ету үшін сотқа жүгінді. Ол моральдық зиян үшін 15 млн теңге, материалдық шығын үшін 4 млн теңге төлеуді талап еткен.
"Талапкер қылмыстық қудалау кезінде тұрақты стресс және мазасыздық кернеуінде болғанын, психологиялық қысым мен қоқаң-лоққыға ұшырағанын, сондай-ақ қудалау органдары тарапынан құрметсіз қарым-қатынас көргенін айтты. Сонымен қатар, қылмыстық іс қозғалғаннан кейін ол жұмысынан айырылып, тұрғылықты орнын өзгертуге мәжбүр болған",- делінген ақпаратта.
Сот заңсыз қылмыстық қудалау фактісін анықтап, талапкерге орган әрекеттерінің заңсыздығы салдарынан келген моральдық азаптың расталғанын таныды.
Нәтижесінде сот талапты ішінара қанағаттандырды. Ер адамға моральдық зиян үшін 3 млн теңге, материалдық шығынды өтеу үшін 4 млн теңге және өкілдік қызмет үшін 700 мың теңге өндірілді. Жауапкер – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.