Сенат Жоғарғы соттың үш судьясын қызметінен босатты
Фото: senate.parlam.kz
Жоғары сот кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов Президенттің Асқаржан Кенжегарин мен Газиза Мұсабекованы қызметінен босату туралы ұсынысы олардың отставкаға кетуіне байланысты енгізілгенін айтты. Екі судьяның да сот саласындағы еңбек өтілі 30 жылдан асады.
Оның айтуынша, Асқаржан Кенжегарин бұған дейін Астана қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасын 8 жылдан астам басқарған, ал кейін Жоғарғы сот судьясы қызметін атқарған.
Ал Газиза Мұсабекова Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасын басқарған, әрі 10 жылдан астам уақыт Жоғарғы сот судьясы болып жұмыс істеген.
Сондай-ақ Жоғарғы сот судьясы Бейбіт Шармұхаметов зейнет жасына толуына байланысты қызметінен босатылды. Ол шамамен 26 жыл судья болып жұмыс істеген, оның 19 жылдан астамы Жоғарғы сотта өткен.
Дмитрий Малаховтың айтуынша, аталған судьялардың барлығы мінсіз беделге ие және судьялар қауымдастығында үлкен құрметке ие.
Сенаторлар Мемлекет басшысының ұсынысын қолдап, аталған судьяларды қызметінен босату туралы шешімді мақұлдады.
Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылғы 16 қазанда да Сенат Жоғарғы соттың үш судьясын құрметті отставкаға шығуына байланысты қызметінен босатқан болатын.