Алматыда "жүйрік гелик" жол апатын тудырды
Сурет: Zakon.kz
Алдын ала мәлімет бойынша, Mercedes-Benz G-Class ("Гелендваген") көлігі Әл‑Фараби даңғылы бойымен шығыс бағытта келе жатқан. Бұрылыс кезінде жүргізуші көлікті басқара алмай, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен.
Одан кейін көлік бордюрден асып өтіп, жолдың ортасындағы бөлгіш аллеяға шығып кеткен. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік бұтақтарды басып өтіп, шамамен 50 метрге жуық жерді жүріп өткен.
Кейін көлік қайтадан қарсы жолаққа шығып кетеді. Қозғалыс кезінде автомобильдің алдыңғы дөңгелектерінің бірі жұлынып кеткен. Абырой болғанда, сол сәтте жолда басқа көліктер болмаған.
Жол апатының салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Оқиға орнына келген дәрігерлер қатысушыларды тексергенімен, ешқайсысына медициналық көмек қажет болмаған.
Оқиға орнында жол полициясының қызметкерлері жұмыс істеп, апаттың мән-жайын анықтап, қажетті құжаттарды рәсімдеуде.


