Тоқаев ТМҰ аясында бірлесе іске асыруға болатын бірқатар ұсынысты ортаға салды

Тоқаев ТМҰ аясында бірлесе іске асыруға болатын бірқатар ұсынысты ортаға салды, сурет - Zakon.kz жаңалық 15.05.2026 17:32 Сурет: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ аясында бірлесе іске асыруға болатын бірқатар ұсынысты ортаға салды, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Біріншіден, сауда-экономика саласы бойынша ұйымға мүше елдер арасында электрондық құжаттар мен цифрлық қолтаңбаны өзара тануға қатысты жұмысты бірлесе жүргізген жөн. Екінші мәселе: Ғарыш саласы – түркі мемлекеттерінің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал ететін негізгі фактордың бірі. Бұл бағытты жүйелі түрде дамыту үшін елдеріміздің ғылыми, технологиялық және қаржылық әлеуеті жеткілікті. Әсіресе, спутник байланысы, навигация және мониторинг саласында бірлескен жобаларды жүзеге асырып, ықпалдастығымызды кеңейте түсу қажет. Сол арқылы технологиялық дербестігімізді нығайтып, инновациялық әлеуетімізді арттыруға мүмкіндік туады. Мысалы, "CubeSat-12U" ғылыми спутнигін іске қосудың маңыздылығын атап өтуге болады". Қасым-Жомарт Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынды

"Үшіншіден, білім-ғылым саласына қажетті мамандар даярлайтын оқу орталықтары мен ғылыми мекемелер керек. Өзара тәжірибе алмасу, бірлесіп кадрлар даярлау және озық технологияларды енгізу өте маңызды. Сондықтан Түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынамын. Біз Қазақстанда жаңа форматтағы технологиялық оқу орны – Жасанды интеллект университетін ашуды жоспарлап отырмыз. Жоғары оқу орнында түркі мемлекеттерінің азаматтарын оқыту үшін арнайы гранттар бөлуге дайынбыз. Бағдарламалау, жасанды интеллект және озық цифрлық технология салалары бойынша түркі елдерінің жастары арасында жыл сайын ғылыми-технологиялық олимпиада ұйымдастырған жөн деп санаймыз. Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін Түркі инвестициялық қоры тарапынан қаржылай көмек көрсетуге болар еді. Биыл Қор нақты жобалар бойынша жұмыс істеу тәсіліне көшті. Жарғылық капиталы 600 миллион долларға жетті. Оны ұлғайтуға болады. Бұл – айрықша мәні бар стратегиялық ресурс. Сол себепті Қор барлық стартапқа қолдау көрсетіп, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға белсене атсалысады деп сенеміз. Қор толыққанды қызмет көрсетуге тиіс. Мүше мемлекеттерді осы міндетті жедел жүзеге асыруға шақырамын", – деді ол.

"Төртінші мәселе. Қазір әрбір елде IT-жобаларға арналған технопарктер бар. Мен Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің IT хабтарының бірлескен орталығын ашуды ұсынамын.

Орталыққа "Turkic ai" атауын беріп, оны Alem.ai орталығында орналастыруға болады. Бірлескен хаб ортақ мүдделерімізді ілгерілетуге ықпал етері сөзсіз".

Президент: "Жасанды интеллект пен озық технология дәуірінде рухани және мәдени құндылықтарды назардан тыс қалдырмау қажет".

"Түркі өркениетінің мол мұрасын сақтау және оны зерделеу – тарихи жадыны жаңғырту мәселесі ғана емес.

Бұл – біздің бірегей болмысымызды, бірлігімізді және ынтымақтастығымызды көрсететін маңызды фактор.

Осы орайда мен Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенция жобасын пысықтау туралы ұсынысты қолдауға шақырамын.

Бұл құжат түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтау және дәріптеу ісіне құқықтық негіз болады. Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның осы саладағы қызмет аясын кеңейте түсуге ықпал етеді".

"Алтыншы мәселе. Жасанды интеллект негізінде түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдарды жинақтайтын арнайы цифрлық платформа құру жөніндегі жұмысты жандандыру қажет.

Бұл жоба көптілді форматта жасалуға тиіс. Сонда кез келген адам онлайн режимде түркі өркениетінің мол мұрасымен танысып, оны зерделей алады.

Қазақстан бұл бастамалар бойынша жан-жақты цифрлық шешімдер ұсынуға дайын".

Мемлекет басшысы Түркі өркениеті орталығы ғылыми зерттеу жүргізумен, мәдени жобаларды және білім беру бағдарламаларын іске асырумен айналысатынын айтты

"Жетінші міндет. Түркі мемлекеттерінің тарихи және мәдени мұрасын сақтау және оны болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру – баршамызға ортақ міндет, парыз деп айтуға болады.

Сол себепті мен Түркістан қаласының руханиятымыздағы рөлін ескеріп, осында Түркі өркениеті орталығын құру туралы шешім қабылдадым.

Бұл орталық бауырлас елдердің бірлесіп ғылыми зерттеу жүргізуіне, мәдени жобаларды және білім беру бағдарламаларын іске асыруына жағдай жасайды. Сондай-ақ гуманитарлық ықпалдастығымызды нығайта түседі.

Орталықтың қызметін тиімді ұйымдастыру үшін Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми-академиялық әлеуетін пайдаланған жөн деп санаймын. Бұл университетке қажетті қаржылай және басқа да жәрдем көрсетіледі.

Бәріміз де жаңа ғана Түркі өркениеті орталығының іргетасын қалау рәсіміне куә болдық. Осы бастамаға көрсеткен қолдауларыңыз үшін Сіздерге алғысымыз зор.

Бұған қоса, біз Астанада Дала өркениетін дәріптеуге арналған арнайы орталық құруды жоспарлап отырмыз. Онда дала халықтарының тарихы мен мәдениеті кеңінен насихатталмақ.

Ұйымға мүше мемлекеттерді және барлық бауырларымызды осы жобаны қолдауға және оған белсенді қатысуға шақырамын".

"Келесі маңызды мәселе. Технологиялық даму және гуманитарлық ықпалдастық дәуірінде түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру қажет.

Жақында Түркі Академиясы ағылшын, орыс және түркі тілдерінде сегіз томдық терминологиялық сөздікті жарыққа шығарды. Бұл жұмыс терминдерді бір ізге келтіруге және ортақ ғылым кеңістігін нығайтуға ықпал етпек.

Осы орайда Кеңеске мүше елдердің тиісті мекемелерінің өкілдері, ғылыми сарапшылары кіретін Мемлекетаралық терминологиялық комиссия құруды ұсынамын", - деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Түркияның "Түркі мемлекеттері ұйымы +" форматын құру бастамасын қолдағанын айтты.

"Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын жан-жақты дамытуға мүдделі.

Бүгінде біздің Ұйымға халықаралық қауымдастық сенім білдіріп отыр. Абырой-беделіміз де артып келеді.

Осы орайда Қазақстан Ресейдің "Алтай – түркі өркениетінің бесігі" жобасына оң көзқарасын білдірді. Бұған қоса, біз "Алтай сұхбат алаңы (диалогі)" форумын құру жөніндегі ұсынысымызды жарияладық.

Еліміз Түркияның ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталған "Түркі мемлекеттері ұйымы +" форматын құру бастамасын қолдады.

Осы форматқа қосылуға ниет білдірген мемлекеттер мен ұйымдарға қатысты нақты өлшемдер болу қажет деп санаймын", - деді ол.

Мемлекет басшысы Ұйымды әскери альянс ретінде сипаттаушыларға жауап берді.

"Ең бастысы, жаңа форматтағы жұмыс Ұйымның мақсат-міндеттеріне сай болып, оған кері әсерін тигізбеуі керек.

Мысалы, соңғы кезде Ұйымымызды әскери альянс ретінде сипаттайтын ой-пікірлер айтылып жүр.

Олардың теріс пейілі бізге анық, мақсаттары – елдестіру емес екені де белгілі. Қазақстан ондай ұстанымды жоққа шығару керек деп санайды.

Біз үшін түркі әлемінің бірлігін нығайту аса маңызды, кезек күттірмейтін басымдық.

Түркі мемлекеттері ұйымы – геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл – бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң.

Мұндай ұстаным еліміз үшін – маңызды басымдық, себебі, бұл ұлттық мүдде тұрғысынан да тиімді екені анық. "Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді" деген аталы сөз – бәрімізге ортақ.

Түркі әлемі әрдайым тату болып, алға қойған мақсатынан ауытқымай, бірлесе дами беруі керек.

Сондықтан бүгінгі басқосу тамыры бір, тарихы ортақ елдеріміздің ауызбіршілігін арттыра түсері сөзсіз", - деді Мемлекет басшысы.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: