Отыз жылда неден жаңылдық – Айдос Сарым "шындықты айтайық" дейді
Бүгінгі "Егеменде" мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты кешенді, терең саяси-философиялық мақаласы жарияланыпты. Асықпай оқып шықтым. Соған орай бір-екі ойыммен бөліскім келіп отыр, деп жазды желіде біз кездегі белді сарапшы Айдос Сарым.
Шындап келетін болсақ, қазақтың басты қорғаны, тірегі – туған тілі. Тілдің тазалығын сақтау, оны заманға сай дамыта білу, бизнес пен ғылым тіліне айналдыру, шын мәніндегі мемлекеттік тіл қылып, заңды тұғырына отырғызу – ұлттық, мемлекеттік мәселе. Тіл – ұлттық рухтың, сананың, ойдың алаңы мен мекені. Баяғыда Маркс еврейдің қасиетті кітабы Тораны "халықтың көшпелі мемлекеті" деп атаған екен. Осыған салсақ, тәуелсіздіктен айрылып, мемлекеттігімізді жоғалтқан кезде де қазақты қазақ еткен, біріктірген, топтастырған, жинаған қасиет пен құндылық – қазақ тілі екенін мойындауымыз керек. Ұлан-байтақ жерімізді, әлемдегі тоғызыншы территорияны айшықтаған да, ерекшелеген де осы тіліміз. Оймақтай ғана мемлекеттер ондаған, жүздеген диалектіге бөлініп жатады. Осыншама орасан ойкуменаны еш диалектісіз, жіксіз жинаған қазақ тілінің ұлы күші мен қасиетіне таң қалмасқа болмас!Екінші құндылық – ұлттық жадымыз бен тарихымыз. Ел ыдырап, халықтың тоз-тозы шығып, рухы сынған кездері де аз болмаған. Мың өліп, мың тірілгенде де қазаққа сенім берген, рух берген, жауапкершілігін сездірген құндылық – тарихы. Тарихи сана қашан да тарихи жауапкершілікке итермелеген. Тарихи сана жекелеген адамның амбициясын ортақ мүддеге бағындырып, жұртты мұратшылдыққа, ұлттық ымыраға жетелеген. Тарихи сана әрбір ойлы, есті адамды белгілі бір рухи тәртіп пен саналы тіршілікке жүгендеген. Қазақтың бойында бар, гендік кодына жазылған аруақ пен ұрпақ концепциялары да осы тарихи санадан бастау алады. Қайда жүрсең де, кім болсаң да өзіңді ұзынсонар, үздіксіз шептің, қатардың ішінде жүру, мызғымас, айрылмас бөлігі ретінде сезіну кез-келген адамға қосымша жауапкершілік, миссия артады.
Ұлттың қарсыласуы, резистенттік қасиеттері, энергиясы мен энергияны үнемдеу қасиеттері тарихпен қатар табиғатқа да қатысты. Табиғат дегенде біз оны терең және толық түсінуіміз қажет. Қазақ табиғатына жері, суы, ауасы, тау-тасы, орман-желегі, хайуанаты, адамы кіреді. Бірін бірінен ажырату, айырып алу мүмкін де емес. Сан ғасырлар бойы қазақ халқы табиғатқа тырнағын батырмай келген мықты экологиялық санасы бар ұлт болған еді. Соның арқасында осынау орасан жердің иесі мен киесіне айнала білдік, осы жерге жасампаз атымызды бердік. Болашақ экономикасы, адам мен оның энергиясына негізделген жаңа экономика ең алдымен табиғи факторлармен шектеледі, лимиттенеді. Әр нәрсенің құны мен парқы бар, шегі мен шекарасы бар. Шексіз тек адамның ұшқыр ойы мен арманы ғана. Тарихи миссиямыз ең алдымен табиғатқа деген көзқарасымыз бен философиямыздың өзгеруін талап етеді. Адам құқы мен құнының артуы ең алдымен қазаққа тән экологиялық сананы жаңғыртудан, оны заман талабына сай дамытудан басталуы тиіс.Өмір ешқашан орнында тұрмайды. Өмірдің басты заңы – тынымсыз тіршілік, тыңғылықты, пайдалы тіршілік. Қазақтың басты және айрықша қасиеттерінің бірі – тарих пен табиғаттың талаптарына, тығырықтарына бой алдырмай, бейімделе білуі. Қазақ төзімді, шыдамды халық емес, қазақ өте ақылды, рационалды халық. Рационалды сана жоғарыда айтқан тарихи және табиғи жауапкершіліктен бастау алады. Табиғат та, саяси тарих та эволюция заңдарына бағынады. Ал эволюция ең мықтыны, ең ақылдыны, ең сұлуды таңдай бермейді, ең бейімделгіш, ең мығым, кез-келген табиғи өзгеріске дайын, тағдыр тәлкегіне әзір ағзаға ғұмыр береді, ұрпағын жалғастырғызады.
Жақында бір әріптесім "екі дуал концепциясы" туралы жақсы әңгіме айтты. Қазақты құртқан, дейді ол, екі дуал; бірін тым ерте құлатсақ, екіншісін тым ерте құра бастаған екенбіз. Сонда айтпағы мынау: ел болмай, мемлекет болмай, көптеген құндылығымызды шашыратып алған жағдайда рухани шекарамазды қорғаған дуалды ерте қиратқанымыз қателік. Есесіне, басқа мәдениеттен, ортадан келген модаға еріп, содан "культ" жасап, сыртқы дуалдың орнына әрбір адам, әрбір отбасы жеке-дара дуалдарды құрып әлек болған. Мемлекеттің шекарасынан гөрі, бір көшедегі көршіні бөлген "заборлар" маңызды заманға да кетіп қала жаздадық қой! Рас қой, шын ғой!Президенттің бүгінгі мақаласын баршамыз асықпай оқиық. Оқығанда да оны дабыралатпай, мақтампаздыққа апармайық. Керісінше, ойға ой қосатын, ойды ой жетелейтін дүниелерге ұмтылайық. Осы отыз жылда не бітірдік, неден жаңылдық, оған не себеп деген шыншыл әңгімені бастайық. Тек сынап-мінеп қана қоймай, қайткен күнде дұрысталамыз, дұрыс жолға түсеміз деген байыпты, ақылды сараптама жасауға тырысайық. Және де бір өтініш; бос айғайды, аттанды азайтсақ, ағайын. Айқайы көп ортада ақыл жоқ, эмоция басым болады, ой тоқтамайды, сіңбейді. Бізге эмоциядан гөрі сабырлы, салиқалы әңгіме, ұлттық компромисс, мәміле керек сияқты. Қасекең соның жақсы үлгісін көрсеткен сияқты, делінеді жазбада.