Қазақстандықтар 23 ақпанды әлі де тойлай ма?
23 ақпан – Ресей, Беларусь, Қырғызстан мен Тәжікстанда Отан қорғаушылар күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн 1922 жылы 27 қаңтарда Ресей социалистік федеративтік кеңестік республика болып тұрған кезде енгізілді.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бұл мереке Ресейде «Отан қорғаушылар күні» ретінде тойланады және Ресейдің әскери даңқы күні болып есептеледі.
Қазақстанда 7 мамыр – ресми түрде Отан қорғаушылар күні. 1992 жылы 7 мамырда тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен ҚР Қарулы күштері құрылды. Елімізде Отан қорғаушылар күні бейресми түрде барлық жастағы ер адамдар үшін мереке болып саналады.
Тәуелсіздік алып, жеке республика болсақ та, Кеңес үкіметі кезінде әскер қатарында борышын өтеген ата-ағаларымыз үшін 23 ақпан – әлі де мереке. Қазақстандықтардың біразы осы күні әкесін, ағасын құттықтайды екен.
23 ақпан КСРО кезінен қалған мереке ғой. Бұл күні үлкендерді құттықтаймыз. Ұмытып кетсем, анам еске салады. Ал өзіміз үшін мереке – 7 мамыр.Азамат, қала тұрғыны
23 февраль біздің мерекеміз ғой. Өзім кеңес заманында 1974-76 жылдары әскерде борышымды өтедім. Сол уақытта әскерлерге арнайы демалыс беретін, құттықтайтын, дастархан жаятын. Арнайы Армия күні деп атап өтетінбіз. Қазір елімізде ресми түрде тойланбаса да, құрдастарымызды ұмытпай құттықтаймыз.Ержан
23 ақпан күні ер адамдарды мерекесімен құттықтамаймын. Менің ойымша ерлерді 7 мамырда құттықтаған дұрыс. Бұл елімізде ресми түрде мейрам ғой. Сол күні әкеме көбіне кітап сыйлаймын. Ол кісі кітапты жақсы көреді. Ал ініме әртүрлі аксессуар, киім беремін.Аружан, студент
23 ақпанды қызың болса, тойлауға болады. Ал жалпы бұл күнді мейрам деп айта алмаймын. 8 наурыз бен 7 мамыр бар. Осы да жарайды ғой.Қайнар