Полицейлер ірі көлемде алаяқтық жасаған 27 жастағы азаматшаны ұстады
2022 жылдың 16-қаңтарында Абай ауданы полиция басқармасына «102» желісі арқылы екі жергілікті тұрғын арызданған.
Айтуларынша, қаладағы алтын сататын базарлардың бірінде бұрын-соңды таныс емес азаматша алтын бұйымдарын қымбатқа сатып, ақшасын үш күнде қайтарып беремін деп сендірген. Жәбірленушінің бірі 5.100.000 теңге, ал екіншісі 7.800.000 теңге тұратын алтын бұйымдарын азаматшаға сеніп тапсырған.
Алайда, осы күнге дейін телефонға жауап бермей, азаматша қашып жүрген. Амалы қалмаған тұрғындар полицияға арызданған. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігімен (Алаяқтық) тіркеуге алынған.
Тәртіп сақшыларының жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде азаматшаның жеке басы анықталып, оны қала аумағынан қолға түсірді. Тиісті басқармаға жеткізілді. Ол 27 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Қазіргі кезде азаматша қамауда. Тергеу амалдары барысында тәртіп сақшылары бұдан өзге дәл осындай мазмұндағы бес жайтты тіркеген. Нақтырағы, алаяқтықты кәсіп еткен азаматша алтын бұйымдарды жоғары бағада сатып беремін деп алтын сатушыларды сендірген. Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі
Нәтижесінде, өзі ломбардқа төмен пайызбен алтын бұйымдарды өткізіп, ақшасын қажеттілігіне жұмсап отырған. Өз кезегінде, Шымкент қаласының полицейлері азаматтарға өздерінің жеке бағалы заттарына сақ болуды ескертеді. Егер, Сіз алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада «102» арнасына хабарласыңыз. Сіздің берген ақпаратыңыз қылмыстың тез арада ашылуына өз септігін тигізетінін ескеріңіз.