Елордада өзін-өзі өртемек болған әйелге қатысты полиция қызметкері пікір білдірді
Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов Mudarabah Capital қаржы пирамидасының құрбаны Бағила Досмаилованың айыптауына жауап берді.
Сәуірдің 11-і күні Нұр-Сұлтандағы Ішкі істер министрлігі ғимаратының алдында ашынған Досмаилова өзін-өзі өртеп жіберді.
10 сәуірде Досмаилова Instagram желісінде жариялаған жазбасында оның өліміне мені кінәлауды өтініп, мұны менің «қылмыстық істі жабуға» асығуыммен түсіндіреді. Бұл қылмыстық іс бойынша 14 адам күдікті деп танылып, оның екеуіне «қамау» санкциясымен халықаралық іздеу жарияланғанын хабарлаймын. Рустам Әбдірахманов
Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары алты күдіктінің қамауға алынғанын, тергеу сотының үшеуіне «кепіл» бұлтартпау шарасына санкция бергенін, тағы екеуі үйқамаққа алынғанын, біреуіне елге шығуға тыйым салынғанын атап өтті.
Полиция қызметкері 14 күдіктіге Қылмыстық кодекстің «Қаржы пирамидасын құру және басқару» бабы бойынша айып тағылғанын айтты.
Қылмыстық іс процеске қатысушылар материалдармен танысуын аяқтаған бойда сотқа жолданады. Материалдық зиянды өтеу мәселелерін сот қарайтын болады.
Мен өз атымнан оның тезірек сауығып, күш-қуатының қалпына келуін тілеймін. Қиын өмірлік жағдайға тап болған әрбір адам эмоционалды тәжірибелер мен күйзелістерге ұшырайды. Рустам Әбдірахманов
2022 жылдың ақпан айында вайнер Мейіржан Төребаев, актер Мейірхан Шерниязов және Азизжан Саидбаев қаржылық пирамида құрып, оны басқарды деген күдікке ілінгені туралы ақпарат пайда болды. Алматы қалалық соты бұл ақпаратты растады. Оларға қатысты сот 3 миллион теңгеден астам «кепіл» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.