Жаңалықтар тізбегі
0

Тоқаев ҚР құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әдеп кодексін бекітті

ҚР құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әдеп кодексі, сурет - Zakon.kz жаңалық 11.01.2023 12:54 Сурет: polisia.kz
Мемлекет басшысының 2023 жылғы 2 қаңтардағы жарлығымен ҚР құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің әдеп кодексі бекітілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Кодекстің мақсаты – құқық қорғау органы қызметкерінің жоғары атағын, құқық қорғау қызметінің ерекшеліктерін және оны өткеруге байланысты шектеулерді ескере отырып, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қызметтегі және тұрмыстағы мінез-құлқының бірыңғай стандарттарын белгілеу.

Кодекс құқық қорғау қызметінің беделін, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтуға жәрдемдесуге, қызметкерлердің мінез-құлқының бірыңғай адамгершілік-моральдық негізін қамтамасыз етуге, қызметкерлердің өз лауазымдық міндеттерін орындауының тиімділігін арттыруға, құқық қорғау қызметінде өзара қарым-қатынастардың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және парасаттылық атмосферасын құруға, сондай-ақ қызметкерлердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға арналған.

Құжатта құқық қорғау органдарының қызметкерлері билік өкілдері бола отырып, антқа адал болуға, қоғам мен мемлекет алдындағы жеке жауапкершілігін терең ұғынуға және мемлекеттік саясатты жақтауға тиіс екені жазылған.

Осы Кодексте белгіленген қызметтік әдеп стандарттары құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлері үшін міндетті. Адам құқық қорғау органдарына қызметке тұрғаннан кейін үш күн мерзімде осы Кодекстің мәтінімен жазбаша нысанда танысуға тиіс.

Құқық қорғау қызметінің арнайы әдеп қағидаттарына:

  1. офицерлік ар-намыс – бұл азаматтық және қызметтік борышқа, қабылданған адамгершілік міндеттемелеріне адалдығынан көрініс табатын құқық қорғау органы қызметкерінің басты ішкі қадір-қасиеті, оның айбындылығы, парасаттылығы мен ар-ожданының тазалығы, лайықты абыройы, игі атағы, жеке басының беделі;
  2. жоғары адамгершілік – өзінің және бағынысты адамдардың ар-намыс ұғымының мәнін түсінуі, әділдікті барынша сезіну, моральдық тазалық пен руханият, кәсіби міндеттерге жоғары дәрежеде қоғамға пайдалы және қажетті міндеттер ретінде саналы түрде қарау;
  3. жанашырлық – адам және азаматпен мейірімді қарым-қатынас жасау, олардың игілігіне жәрдемдесуге дайын болу, адамдармен қарым-қатынас кезінде біркелкі тұлғалық ұстанымды негізге алу;
  4. өзіндік тәртіп – эмоцияналды жай-күйіне қарамастан, өзін әрекет етуге мәжбүрлеуге қабілеттілігі;
  5. ізгілік - адамгершілік, көмекке келуге дайын болу, зардап шеккен адамдардың дәрменсіздігін ешқашан пайдакүнемдік мақсатта пайдаланбау, әрбір адамның жалпы адамзаттық құқықтарын алаламай тану жатады.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып:

  • Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын және өзге де нормативтік құқықтық актілерін мүлтіксіз сақтауға, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін қастерлеуге және құрметтеуге;
  • заңның кез келген бұзушылықтарымен, оларды кімнің жасағанына қарамастан қарсы күресуге, адам мен азаматтың заңмен қорғалатын құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғауға уақтылы тиімді шаралар қабылдауға, заңды бұзушылықтарды жоюға және бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге қол жеткізуге;
  • өз іс-әрекеттерімен мемлекеттік биліктің беделін, азаматтар мен қоғамның мемлекет институттарына сенімін нығайтуға ықпал етуге;
  • адамның және азаматтың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, оларды бұзумен ұштасатын іс-әрекеттерге жол бермеуге, шағымдарға сергек ден қоюға;
  • шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне және өзге де мән-жайларға қарамастан, адамның және азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге;
  • Қазақстан Республикасының, мемлекеттік биліктің беделін түсіретін, қоғамдық теріс резонанс тудыратын әрекеттердің жасалуына жол бермеуге, олардың абыройына нұқсан келтіруі мүмкін мінез-құлық көрсетпеуге;
  • Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге;
  • мемлекеттік тілге және басқа да тілдерге, Қазақстан халқының салттары мен дәстүрлеріне құрметпен қарауға;
  • жалпы білім беру және мәдени деңгейдің кәсіби біліктілігін үнемі арттыруға, жалпы қабылданған адамгершілік қағидаттары мен нормаларын сақтауға, қоғамның қажеттілігін қанағаттандыруға ұмтылуға, қызметте және тұрмыста жоғары интеллект пен мәдениеттің үлгісі болуға;
  • құқық қорғау органдарының жоғары дайындалған және білікті қызметкері ғана қоғамға пайда әкелуі мүмкін екенін әрдайым есте ұстауға, өзінің іскерлік біліктілігін, кәсіби дайындығын жетілдіруге, жан-жақты дамыған, жоғары білімді болуға ұмтылуға, қызметте озық тәжірибені сауатты пайдалануға;
  • қарапайымдылық танытуға, өнегелі мінез-құлық көрсетуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға, өзінің қызметтік жағдайын асыра көрсетпеуге және пайдаланбауға;
  • құқық қорғау органы қызметкерінің жоғары атағына нұқсан келтіруі мүмкін қатынастардан аулақ болуға;
  • өзіне талапшыл болуға, принципшіл, шыншыл болуға, кәсіби міндеттерін бейтарап және объективті атқаруына ықпал етуі мүмкін қаржылық және іскери өзара қарым-қатынастардан тартынуға;
  • мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, мемлекеттік мүлікті лауазымдық міндеттерін орындау үшін нысаналы мақсатта ғана пайдалануға;
  • қызметтік жағдайын мемлекеттік мүдделерге қол жеткізу үшін ғана пайдалануға тиіс.

Кодекте көпшілік алдында сөз сөйлеген кездегі құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қойылатын талаптар да қамтылған.

Қызметкерлер мемлекеттік саясат және қызметтік жұмыс мәселелері бойынша өз пікірін, егер ол:

  • мемлекет саясатының негізгі бағыттарына сәйкес келмесе;
  • ариялауға рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты ашатын болса;
  • мемлекеттің, мемлекеттік басқару органдарының лауазымды адамдарының, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің және басқа да мемлекеттік қызметшілердің, жеке және заңды тұлғалардың атына әдепсіз сөздер болса, көпшілік алдында айтуға тиіс емес.

Кодекстің мәтіні құқық қорғау органдарының ғимараттарында көпшіліктің қарауына қолжетімді жерлерде орналастырылады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: