Тәуелсіздік күні қарсаңында бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, мәдениет және ғылым қайраткерлері, спортшылар, еңбек ардагерлері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар.
«Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары атағы Қазақстан Республикасының әлеуметтік-гуманитарлық, денсаулық сақтау салаларын дамытудағы және өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін жазушы Ә.Әшімовке (Тарази), Нұр-Сұлтан қаласындағы «Онкологиялық орталық» МКК бас дәрігері М.Төлетаевқа, Шығыс Қазақстан облысының «Қазмырыш» ЖШС бас директоры А.Хмелевке берілді.
«Отан» орденімен жазушы С.Досанов, еңбек ардагері М.Жолдасбеков, ақын А.Бақтыгереева, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен Конституциялық Кеңес төрағасы Қ.Мәми, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы А.Айдарбаев, «А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Б.Баймаханов, «Bazis Holding Сompany» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы А.Белович, жазушы Д.Исабеков, Қазақстан Православ шіркеуінің басшысы, Астана және Қазақстан Митрополиті Александр марапатталды.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым және мәдениет саласының 28 көрнекті өкіліне берілді, олардың ішінде театр және кино әртістері: М.Әжібеков, Ж.Құрманбеков, Л.Крючкова, режиссер Д.Өмірбаев, өнертанушы Е.Резникова және басқалар бар. «Қазақстанның еңбек сіңірген» ұстазы құрметті атағы «Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясы» облыстық дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі бар мамандандырылған мектеп» ММ мұғалімі Д.Төрехановаға берілді.
Белгілі ғалымдардың, мәдениет қайраткерлерінің, өндірістік сала өкілдерінің еңбектері «Парасат» орденіне лайық деп танылды. Олардың арасында «М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры» РМҚК әртісі Б.Әбділманов, «Ершовское-2» ЖШС директоры С.Ағайдаров, «Мұнай-газ кешенінің ардагерлері» РҚБ бас директоры З.Алшымбаев, «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Т.Жұртбай, «Ракурс» экономикалық талдау орталығының директоры О.Жандосов, Ақан Сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясы камералық хорының хормейсторы Ю.Колчин, «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясының меңгерушісі Е.Жаппасұлы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы департамент директорының орынбасары Ш.Құрманбайұлы, жазушы З.Наурызбаева, «Альтаир» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы А.Потиченко және басқалар бар.
ІІ дәрежелі «Достық» орденіне Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Э.Әзімова, «Kaspi.kz» АҚ басқарма төрағасы М.Ломтадзе ие болды.
«Құрмет» орденімен марапатталғандардың ішінде шахматшы Ж.Әбдімәлік, «Астана Опера» «Мемлекеттік опера және балет театры» КеАҚ бас дирижері А.Бөрібаев, «Көкшетау қаласы жоғары техникалық колледжі» МКҚК жетекшісі А.Есләмова, «Жекпе-жек өнерінің Ассоциациясы» ЗТБ президенті Б.Ыстыбаев, Жамбыл облысының «И.Трубицын атындағы жалпы білім беретін мектеп-гимназиясы» КММ мұғалімі Н.Қаймалақова, «Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ҰЗИ» РМК лабораториясының меңгерушісі А.Наханов, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ болат балқытушысы В.Пастух, Павлодар қалалық «Дарынды балаларға арналған №3 гимназия» ММ директоры Қ.Құспекова, Шымкент қалалық «№1 қалалық клиникалық аурухана» МҚК дәрігері Ж.Сүйгенбаев, режиссер Қ.Омаров бар.
ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені өндіріс, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да материалдық өндіріс салаларының 105 жұмысшысы мен еңбеккеріне берілді.
Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен 553 адам марапатталды.
Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесі үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі «Даңқ», сондай-ақ, І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.