Президентке АӨСШК-нің VI саммитіне дайындық барысы баяндалды
Мемлекет басшысына Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Хатшылығының қазіргі жұмысы туралы мәлімет берілді, – деп жазды Ақорданың ресми ақпараттық ресурсы.
Биылғы 12-13 қазанда Қазақстан астанасында өтетін АӨСШК-нің VI саммитіне дайындық барысына баса мән берілді.
Кездесуде АӨСШК-ні Азиядағы ынтымақтастық жөніндегі толыққанды халықаралық ұйымға айналдырудың перспективалары талқыланды. Осы маңызды міндетті жүзеге асыру – Қазақстан төрағалығының басымдығы.
Қайрат Сарыбай Қасым-Жомарт Тоқаевқа саммит қарсаңында Кеңеске мүше мемлекеттердің сыртқы істер ведомстволарының басшыларымен өткізген кездесулері туралы баяндады.
Сонымен қатар дипломат Ұйымның жұмысындағы экономикалық өлшемді жандандыру мәселесіне тоқталып, Жастар кеңесінің отырысын, сондай-ақ маусым айына жоспарланған «Astana Financial Days» халықаралық конференциясы аясында АӨСШК Іскерлік кеңесі мен бизнес форумын өткізуге қолдау көрсеткені үшін президентке алғыс білдірді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның аталған Кеңеске төрағалығының басымдықтарын тиімді жүзеге асырудың маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ алдағы саммит нәтижесі бойынша қабылданатын қорытынды құжат жобасын мұқият әзірлеу қажеттігін айтты.