Тоқаев Сауд Арабиясының бірқатар кәсіпкерлерімен жеке кездесу өткізді
Сауд Арабиясы Корольдігінің және Таяу Шығыстағы ірі конгломераттың бірі – Ajlan & Bros Holding Group Қазақстанға инвестиция құюға мүдделі екенін айтты. Қазіргі уақытта холдинг Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріс жобасын пысықтауда, делінген Ақорда хабарламасында.
Мұхаммед Әбунаянмен кездесуде баламалы энергия көздерін дамыту мәселелері талқыланды. Президенттің айтуынша, еліміз 2030 жылға қарай жаңғыртылатын энергия көздерінің 30 пайызын өндіруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Acwa Power компаниясын Қазақстанда жасыл сутегі өндірісі саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Алдында Мемлекет басшысы мен Тақ мұрагері келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Қазақстанның басты стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.