Қызылорда облысының әкімі Тоқаевқа өңірдегі мәселелер қалай шешіліп жатқанын айтты
Облыс әкімі ұсынған мәлімет бойынша, аймақтың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде 7 айдың қорытындысы бойынша оң динамика бар. Атап айтқанда, былтырмен салыстырғанда тартылған инвестициялар көлемі 111,5 пайыз, өндеу өнеркәсібінің көлемі 105,5 пайыз өскен.
Нұрлыбек Нәлібаев мұнай қорының сарқылуы салдарынан мұнай өндіру көлемінің кемуінің орнын толтыру үшін сейсмикалық барлау, газ қорларын игеру жұмыстары қолға алынғанын жеткізді.
Облыста Инвесторлармен жұмыс қарқын алып келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, құны 215 миллиард теңгені құрайтын, қуаты 240 мегаватт жаңа жылу электр орталығы салынып, 2025 жылы тапсырылады. Сонымен қатар жеке инвестор есебінен 11,8 миллиард теңгеге Қызылорда қаласы әуежайының жаңа терминалы 2024 жылы халық игілігіне берілмек.
Әкімнің айтуынша, Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан мемлекеттер арасындағы келіссөздер нәтижесінде су көлемі былтырғы деңгейден артқан.
Аймақта суды аз қажет ететін майлы және жемдік дақылдар алқаптарын ұлғайтуға басымдық беріліп, бақша және көкөніс алқаптарының көлемі көбейген. Сондай-ақ күріш саласын дамытудың жаңа бағдарламасы әзірленбек.
Мемлекет басшысына баяндалған тағы бір мәселе – еңбек дауларын шешу. Аймақтағы ірі 49 кәсіпорынмен меморандумға қол қойылды. Алдағы уақытта қызметкерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен арттыру көзделген.
Биыл облыста 9 мектеп, 1 Оқушылар үйі, 2 балабақша пайдалануға беріліп, 11 дене шынықтыру кешені, 6 мәдени нысанның құрылысы жүріп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне өңірдегі тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуді тапсырды.