Мемлекет басшысы Бас ашкенази және Бас сефард раввиндерімен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев ашкенази және сефард раввинаттарының беделді басшыларына Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысқаны, сонымен қатар Қазақстанның бұл бастамасын белсенді қолдағаны үшін алғыс айтты.
Мемлекет басшысы біздің елімізді ұзақ тарихи кезеңде қалыптасқан діни және мәдени әралуандылық ерекшелендіргенін атап өтті. Қазақстан аумағында ірі әлемдік және дәстүрлі діндердің, соның ішінде иудаизмнің рухани дәстүрлері тоғысқан. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан конфессияаралық және этносаралық келісімді нығайту бағытында дәйекті саясат жүргізіп келеді.
Мемлекет басшысы Израиль Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктесі екенін атап өтті. Сауда-экономикалық іс-әрекеттер жанданып, мәдени-рухани байланыстар дәйекті түрде нығайып келе жатқанын айтты.
Давид Лау мен Ицхак Иосиф Қазақстанның конфессияаралық диалогты нығайтуға бейілді екеніне, әрдайым діни сенім бостандығын қолдайтынына назар аударып, бұл салада өзге мемлекеттерге үлгі болатынын жеткізді.