Тоқаевтың Өзбекстанға жасаған жұмыс сапарының қорытынды видеосы жарияланды
Роликті жұмада, 16 қыркүйекте Ақорда жариялады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Самарқандқа жұмыс сапары аяқталды.
Мемлекет басшысын әуежайдан Өзбекстанның Премьер-министрі Абдолла Арипов шығарып салды.
15 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің саммитіне қатысу үшін жұмыс сапарымен Самарқанд қаласына барды. Осы күні Қасым-Жомарт Тоқаевты "Silk road" туристік орталығында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қарсы алып, ол арада Қазақстан Президенті Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекет басшыларымен бірге ағаш отырғызды, Самарқандтағы "Мәңгілік қала" кешенінде болды, бейресми әңгіме жүргізді.
16 қыркүйекте Қазақстан Президенті шағын құрамдағы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Отырыс қорытындысы бойынша Самарқанд декларациясы қабылданды.