Конституциялық сот Қылмыстық кодекстегі норманы Конституцияға сәйкестігін қарастырды
ҚР Конституциялық соты Е.Х.Шамиевтің (өтініш субъектісінің мүддесін адвокат Д. П. Куряченко қорғады) мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеуге байланысты Қылмыстық кодекстің 197-бабының Конституцияға сәйкестігін қарады.
Өтініш мәтінінде Қазақстан заңнамасында мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжат деген ұғым ашылып жазылмағаны көрсетілген. Тіпті оның нысаны, мазмұны, бекіту және беру тәртібі де жоқ, құқық қолданушылар алып қоятын құжаттар мұнай өнімдерінің кәдімгі іскерлік айналымында қолданылатыны (ілеспе жүкқұжаттары, тарапқа қорлар беруге арналған жүқұжаттар және басқалар), мұнайдың және мұнай өнімдерін тасымалдаудың, иемденудің, өткізудің, сақтаудың заңдылығын растайтын құжаттар ретінде әрекет етіп, бірақ олардың заңды шығарылуын растамайтыны да айтылған.
Сондай-ақ Шамиев ҚР Қылмыстық кодексінің 197-бабы - "Меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар" тарауы бойынша қарастылып отырған қылмыстық істерде меншік иесі болып табылатын жәбірленушілер жоқ екенін атап өтті.
Конституциялық сот берген түсіндірмеде аталған бап Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп қаулы етілді: адамды мұнайды және мұнай өнімдерін тасымалдағаны, иемденгені, өткізгені, сақтағаны, сондай-ақ мұнайды қайта өңдегені үшін қылмыстық жауаптылыққа тартқан кезде олардың шығарылу заңдылығын растайтын құжаттар деп адамның аталған әрекеттерді жасау заңдылығын куәландыратын, Қазақстан Республикасының заңнамасында регламенттелген құжаттарды түсінген жөн.
Конституциялық сот Конституцияның 34-бабының 1-тармағына сәйкес әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті екенін еске салды. Әрбір адамға осы міндетті белгілеу конституциялық құрылысты қорғаудың, қоғамдық тәртіпті сақтаудың, мемлекеттің өз әлеуметтік-экономикалық, саяси және өзге де функцияларын орындауының, құқық үстемдігін қамтамасыз етудің қажетті құралы болып табылады.
"Адам құқықтарын шектеудің негіздері мен шегі және олардың сипаты Конституцияның 39-бабы 1-тармағының нормаларынан туындайды, оған сәйкес "адамның құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін", делінген құжатта.
Бұл құқықтық ұстанымдар Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының резолюциясымен 1948 жылы 10 желтоқсанда 217 А (III) қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 29-бабының 2-тармағында өзінің құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру кезінде әр адам басқалардың құқықтары мен бостандықтарын тиісті түрде тану мен құрметтеуді қамтамасыз ету және демократиялық қоғамдағы моральдің, қоғамдық тәртіп пен жалпы игіліктің әділетті талаптарын қанағаттандыру мақсатында тек қана заңда белгіленген шектеулерге ғана ұшырауға тиіс деген ережелерімен келісіледі.
Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу әрекеттерін қылмыстық жазаланатын деп тануға мұнайдың және мұнай өнімдерінің көлеңкелі экономикасының ұлғайып отырған көлемі мен заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау қажеттігі себеп болды (Қылмыстық кодекстің 197-бабы).
"Мемлекет стратегиялық маңызды энергия тасымалдаушылар ретінде мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу жөнінде шараларды қабылдай отырып, елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруды мақсат етеді", делінген құжатта.
Қорыта келгенде, Қылмыстық кодекстің 197-бабына жүргізілген құқықтық талдау оның құрылымының күрделілігі мен белгісіздігі құқық қолдану практикасында проблемалар туғызатынын көрсетеді.