Жаңалықтар тізбегі
0

Алматы әуежайы ісі: Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру бойынша күдіктілер сотта жауап берді

Сот отырысы, сурет - Zakon.kz жаңалық 29.06.2023 18:18 Сурет: Zakon.kz
Алматыдағы қаңтар оқиғалары кезінде әуежайда жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды деген күдіктілерден сотта жауап алынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сот талқысы судья Мартпек Кәкімжановтың төрағалығымен Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтті.  Айыпталушылар - Әйгерім Тілеужанова, Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шілібаев және Жанайдар Кәрменов. Олар жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты деп айыпталады. 

Жауап алу барысында Жанайдар Кәрменов сотталушыларды бұрын көрмегенін, олармен тек сот залында танысқанын айтты. Олардың ешқайсысынан ешқандай нұсқау алмағанын, олар өзіне тапсырма бермегенін де жеткізді. Куәгерлер айғақтарын толығымен жоққа шығарды.

"Куәгер менің екінші рет келіп, әйелдер мен диспетчерлерді әкетуді талап еткенімді айтады, бірақ мен мұны растамаймын, өйткені ол жерде мен болған жоқпын. Ол кезде мен ұшақтың жанында болдым, онда да ол араға мені ақсақ адам күштеп апарды". Сотталушы Жанайдар Кәрменов

Айыпталушы тәртіпсіздіктер кезінде бір әйел өзінен көмек сұрағанын айтты. Сол әйел Қазаэронавигацияның "Кәсіби дайындық орталығы" ғимаратында өзін ұстап алып, ұшаққа қарай әлдекімдердің алып бара жатқанын көрген. 

"Мұны дәлелдейтін видео да бар, оны маған прокурорлар 2022 жылдың 9 тамызында көрсетті, бірақ қандай да бір себептермен ол қазір іс материалдарында жоқ. Мені Кореядан ұшып келген жолаушы көрді. Ол менен көмек сұрады. Оның жеке басын анықтауға болады, өйткені ол бетперде тақпаған, видеода түрі анық көрінеді. Мені үш адам әуежайға күштеп апарып, соққыға жыққанын растай алатын осы әйелді табуды сұраймын". Сотталушы Жанайдар Кәрменов

Сотталушы Жанайдар Кәрменов өзінің қалай кепілге алынғанын айтып берді.

"Мені ақсақ адам ұшаққа күштеп апарды, жолда қалтамдағы көліктің кілттерін суырып алды. Құлағым сынды. Әуежай немесе полиция қызметкерлері ол арада болған жоқ. Барлығы емін-еркін жүрді. Спирттік ішімдік тұтынған тобыр болды. Өзімді ұшаққа күштеп апара жатқан адамдардың нұсқауларын орындауға мәжбүр болдым". Сотталушы Жанайдар Кәрменов

Сондай-ақ сотталушы Нұрлан Дәлібаевтан да жауап алынды. Ол 5 қаңтарда Алматыда такси жүргізушісі ретінде туған ауылы Кегеннен адамдарды әкелгенін айтты. Кешке қала маңындағы ГРЭС (Өтеген батыр ауылы) елдімекенінде дүкеннің жанына жиналған көп адамды байқайды. Олар әуежайға бара жатқанын, өйткені онда әскерилер қарапайым халыққа оқ атуға ниетті екенін айтқан. 

"Біз әртүрлі көлікпен келіп жеттік, мен көлігімді сыртқа тастап әуежайға кірдім. Қазір Ресейден әскер келіп, халқымызға оқ атады десті. Бұған мен де өзімше қарсылық танытқым келді. Әуежай территориясына кіруге тыйым салатындай ешбір жан болған жоқ. Мен перронға бардым. Онда адамдар екі автобусқа отырды, мен солармен бірге мінгесе кеттім. Қазаэронавигация ғимаратында шамамен 20 минуттай болдым да әуежайдан қайтып кеттім. Сол арада менімен бірге болғандар мұнда куәгерлер сияқты сөз алып жатыр. Олар мені басқа адамдардың көліктерін ұрлады деп айыптайды, бірақ мұнысы өтірік". Сотталушы Нұрлан Дәлібаев


Нұрлан Дәлібаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа өз денсаулығына байланысты екі рет хат жолдағанын атап өтті.

"Президентімізге бұл істердің жалған екендігі туралы екі рет жаздым. Маған істемеген нәрсені істедім деп толық кінәні өз мойныма алуды сұрап жатыр, одан кейін өзге сотталушыларға қарсы куәлік беруімді талап етуде, ал шындығында оларды мен бірінші рет көріп тұрмын мұнда. Бірақ әлі күнге дейін процессуалдық шешімдер қабылданған жоқ. Менің аяғым ауырады, әрең жүремін, сол аяғымда темір бар, шарасыздықтан сотқа келемін". Сотталушы Нұрлан Дәлібаев

Ермұхамет Шілібаев Кеген ауылында 8-сыныпты бітіріп, шопан болып жұмыс істегенін айтты. 1995 жылы ГРЭС ауылына көшіп келген. Ер адам ашулы топтың арасына қалай тап болғанын айтты.

"2006 жылы жол апатына ұшырап, екі аяғым сал болып қалды, 1,5 жыл төсекке таңылып жаттым, біртіндеп балдақпен жүруді үйрендім. Жемқорлықтың кесірінен әлі күнге дейін мүгедектік ала алмай жүрмін. Баспанам болған, одан да айырылып қалдым. Тек қайырымды адамдардың арқасында әлі жүрмін, әйтпесе көптен бері үйсіз-күйсіз адаммын. 5 қаңтарда мен анама сүт алу үшін көшеге шықтым. Қалың адамды көрдім. Әкімнің сөйлеп тұрғанын көрдім. Ол бәрі жақсы болады деп уәде беріп жатты. Бірақ бір уақытта біреу: "Ресей әскері әуежайға ұшып келіп, қазақ халқына оқ жаудырады" деп айқайлады. Барлығы еш ойланбастан көліктеріне отырып, әуежайға қарай тартты". Сотталушы Ермұхамет Шілібаев

Ер адамның айтуынша, әуежайдың жанында өздеріне ыстық тамақ таратқан адамдар болған.

"Мен тамақтанып алдым, бірақ ештеңеден нақты хабарым болған жоқ еді. Олар ұшақтың ұшуына жол бермеу керектігін айтты. "Сен жақсы сөйлейді екенсің, мына адамдарды ертіп жүр" деп тапсырды. Мен келісе кеттім, бірақ менде жаман ниет, ой болған жоқ". Сотталушы Ермұхамет Шілібаев

Шілібаев әуежайға кірген соң қасындағы адамдардан "Ресей әскері ұшып келе жатқандығы рас па, мақсаттары қандай" деп сұрағанын атап өтті. Бірақ ешкім оған ештеңе айтпаған. Адамдар өз жолындағыны талқандаумен болған. 

"Мен ұшақты сүйреп алуға болатын үлкен техниканы көрдім. Оған қарап тұрдым да кетіп қалдым. Бірақ айыптау актісінде мені сол техниканы жүргізіп, ұрлауға тырысқан деп көрсетіпті. Оны оқыған кезде төбе шашым тік тұрдым". Сотталушы Ермұхамет Шілібаев

Әрі қарай Ермұхамет Шілібаев Қазаэронавигацияның "Кәсіптік даярлау орталығы" ғимаратына бас сұғады.

"Егер біз сол жердегі электрді жойсақ, аспанда шамамен алты ұшақ және олардың әрқайсысында 400 адамнан бар, олардың бәрі қону кезінде апатқа ұшырауы мүмкін екені айтылды. Содан кейін мен басқаларды сабырға шақырдым, олай етпеңдер дедім. Жастар мені қолдады. Олар одан ары қарай жүгірді, мен жалғыз қалдым. Әуежайға оралсам, масқара бәрін талқандап тастаған. Адамдар пышақпен жүгіріп жүрді. "Не істеп жатырсыңдар, тиіспеңдер" деп айқайладым. Автотұрақта көліктер өртеніп жатты". Сотталушы Ермұхамет Шілібаев

Бұған дейін сотта аға диспетчер мен авиациялық қауіпсіздік қызметінің қызметкері 5 қаңтардағы оқиғалар бойынша куәлік берген болатын.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: