Ресейдің барлау қызметі қазақстандықтардың дерегін тексере алады ма – Яндекс Go түсініктеме берді
1 қыркүйектен бастап РФ Федеральды барлау қызметіне Yandex Такси қызметінің мәліметтер базасын тәулік бойына емін-еркін пайдалануына рұқсат беретін заң күшіне енеді. Ал бұл компанияның 20 мемлекеттегі, оның ішінде Қазақстандағы қызметінің де дата-орталығы Ресейде орналасқан. Осыған байланысты "аталған қызметке жүгінген қазақстандықтардың жол жүрісі туралы мәліметтер бақылауға алынады ма" деген заңды сауал туындайды. Қазақстандағы Яндекс Go компаниясының баспасөз қызметі бұл сауалға түсініктеме берді.
"Ресей заңнамасы Қазақстандағы қызметке және оның пайдаланушыларына қатысты қолданылмайды, өйткені олар қосымшаны Ресейден тыс жерде пайдаланып, сапар жасайды. Бұл жағдай 1 қыркүйектен кейін де өзгермейді. Қазақстанда Яндекс Go сервисін ұсынатын "Яндекс.Такси Корп" ЖШС қазақстандық компаниясы аталған қызметті пайдаланушылардың дербес деректерін ел заңнамасына сәйкес өңдейді, сондай-ақ субъектілердің барлық деректері құқыққа сай қамтамасыз етіледі". Яндекс Go компаниясының баспасөз қызметі
Қазақстандағы сервистің жұмысына байланысты деректерді уәкілетті шетелдік (оның ішінде ресейлік) мемлекеттік органдар тек ресми сұрау салу арқылы және белгіленген халықаралық рәсімдер шеңберінде ғана сұратуы мүмкін екені де нақтыланады.
"Біздің компания SOC2/3 деректер қауіпсіздігі, қолжетімділігі, өңдеу тұтастығы және құпиялылығы туралы халықаралық жария есеппен расталған қауіпсіздік саясатының жоғары стандарттарын ұстанады", делінген хабарламада.