Қазақстанда "үйдегі тирандардың" бірыңғай тізілімі құрылуы мүмкін
Депутат тұрмыстық зорлық-зомбылықты бақылау шарасы ретінде арнайы тізімді қолданысқа енгізу әйелдер үшін қауіпсіз орта құруға көмектесіп, отбасының шырқын алатындарға белгілі бір деңгейде тұсау салуға мүмкіндік беретінін айтады.
"Әрине, жауапкершілікті қатаңдату керек, бірақ бізде мұндай адамдарды қамауға арналған инфрақұрылым жоқ. Мен отбасын ойрандайтындарды тіркейтін тізілім құруды ұсындым. Бізде қазірдің өзінде осындай әртүрлі тізілімдер бар, мысалы, алимент бойынша борышкерлердің немесе жер учаскелерін теріс пайдаланушылардың, банктерде несие тарихы деген бар, осының барлығы адамдарға әсер ете алады ғой. Олар бұл тізімге ілінбеуге тырысады, ал ілінген жағдайда тезірек одан шығудың қамына көшеді", – деді Бақытжан Базарбек.
Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасын коммерциялық емес және волонтерлік ұйымдар мен түрлі қорлар талмай көтеріп келеді. Алайда бізде бала мен әйелді үйдегі тираннан қорғайтын есеп, тізілім немесе қандай да бір жүйе әлі жоқ.
2023 жылдың мамырында Қарағанды облысында ажырасу кезінде күйеуі әйелін өлтірді. Күні кеше тағы бір жантүршігерлік қылмыс орын алғаны белгілі болды: Алматы тұрғыны өзімен бірге тұратын әйелді балаларымен қоса өлтірді деген күдікке ілінді.