Алматы облысында экс-полицейлер қыз зорлады деген күдікке ілінді – ПД түсініктемесі
Жаға ұстатарлық оқиға туралы құқық қорғаушы Дина Таңсәрі Instagram-дағы парақшасында баяндады.
Масқара бұл жағдай Қонаев қаласында болғаны айтылады.
"Екі полиция қызметкері өздерінің қызмет бабын пайдаланып, 14 жастағы оқушымен жыныстық қатынасқа түсіп, оны видеоға түсірген. Олардың бірі – кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор, екіншісі – ғимарат күзеті жөніндегі полиция қызметкері, қазір екеуі де қамауға алынып, кері датамен жұмыстан шығарылғаны белгілі!", делінген хабарламада.
Zakon.kz редакциясы түсініктеме алу үшін Алматы облысы полициясының баспасөз қызметіне жүгінді. Олар кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жасады деген күдіктілердің қамауға алынғанын растап, аталған мәліметті нақтылады.
"2023 жылы 7 қарашада полицияға Алматы облысының 43 жастағы тұрғыны біраз уақыт бұрын белгісіз екі адамның өзінің кәмелетке толмаған қызына қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны туралы арызбен жүгінді". Алматы облысы ПД баспасөз қызметі
Сол күні ҚР ҚК-нің 120-бабы, 3-бөлігі, 1-тармағы бойынша екі қылмыстық іс тіркелді.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктілердің жеке басын анықтап, 2000 және 2001 жылғы азаматтарды ұстады. Таяу уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары аяқталып, қылмыстық істің материалдары қарау үшін сотқа жолданатын болады". Алматы облысы ПД баспасөз қызметі
Ведомствоның мәліметінше, ҚР ҚІЖК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге ақпараттар жария етуге жатпайды.
Өз кезегінде, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Facebook-тегі парақшасында қыздың туыстарымен байланыста екенін жеткізді.
"Қонаев қаласында болған кәмелетке толмағанның жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысқа қатысты. Қыздың туыстарымен байланыстамыз, психологтар баламен жұмыс істейтін болады, солай деп келістік. Тергеу шаралары жүріп жатыр", деп жазды Динара Зәкиева желіде.
Айта кетсек, полицейлер арасында орын алған мұндай қылмыс бұл біріншісі емес. 2023 жылы 13 қарашада әлеуметтік желіде 27 жастағы қызды зорлады деген күдікпен Талдықорған қаласы полиция басқармасының бастығы Марат Күштібаевты ұстады деген ақпарат пайда болды. Ақпаратты Жетісу облысы полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов растады. 2023 жылы 15 қарашада Жетісу облысы сотының баспасөз қызметі Күштібаевтың қамауға алынғанын мәлімдеді.