Оралда экс-полицей сот залында қамауға алынды
Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сыбайлас жемқорлық ісі бойынша полицейлерге қатысты істі апелляциялық тәртіппен қайта қарады. Олар бірінші сатыдағы үкім бойынша зейнеткерден пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл үшін олар шартты түрде сотталды, ал пара берген зейнеткер жеті жылға темір торға тоғытылды, деп жазады "Мой город".
Жаза ретінде бұрынғы құқық қорғау органдары өкілдері айыппұл төлеуге міндеттелді.
Соттың мұндай шешімімен келіспеген зейнеткер апелляциялық шағым түсірді. Өз кезегінде прокурорлар да арызданды. Мемлекеттік айыптаушы тарап барлық пара алушыға қатысты алдындағы сот шешімінің күшін жойып, оларға нақты жаза тағайындауды сұрады.
"Орал қалалық сотының Саяхат Тастілеуовқа қатысты шығарылған үкімі (бұрынғы полиция қызметкері) өзгертілсін. ҚР ҚК-нің 366-бабы, "Пара алу" бойынша оған мемлекеттік қызметте жұмыс атқару құқығынан өмір бойына шеттете отырып, жеті жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Тастілеуов сот залында қамауға алынсын. Ол қылмыс жасағанға дейін басшылықтағы лауазымды тұлға болған. Пара мөлшерінің сомасы одан да көп. Сондықтан біз үкімді өзгерттік", - деді судья.
Қалғандарына келетін болсақ, пара беруші Ринат Туксумбаевқа, көліктік бақылау қызметкерлері Болат Нығметовке, Нұрлан Бердіғалиевке, аумақтық инспекция қызметкері Асыланбек Ғалиевке және жол полициясы инспекторлары Диас Сейітқалиевке, Александр Калиничевке және Ноян Халеновке қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды.