Қаржы мониторингі агенттігі: Қоспаевтар ҰҚТ ісі жуырда сотқа жолданады
Журналистер "Елдос Қоспаевтардың ҰҚТ ісі соттың қарауына жолданды ма" деп сұрады.
"Ол бойынша істі тергеу аяқталды. Қазіргі уақытта іс материалдарын оқып, танысуға ұсынып қойған. Одан кейін іс сотқа жолданады", - деді Жеңіс Елемесов.
2022 жылы 14 желтоқсанда ҚР Қаржы мониторингі агенттігі рейдерлік бойынша күдікке ілінген Қоспаев пен оның сенімді тұлғаларына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған қатысу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу шарасы қолға алынғанын хабарлады.
Сол кезде ҰҚТ 11 адамдан тұратыны, олардың бесеуі қамауға алынғаны, ал алтауы, оның ішінде ұйымдастырушы Елдос Қоспаевқа іздеу жарияланғаны да нақтыланған еді.
Қылмыстық топтың алматылық кәсіпкерлерді ұзақ уақыт бойы үрейде ұстағаны айтылады. Зорлық-зомбылық пен қоқан-лоқыны қолдана отырып, ҰҚТ кәсіпкерлердің мүлкін тартып алып, олардың компаниялардағы үлестерін заңсыз иеленіп, көлеңкелі бизнеспен айналысқан.
2023 жылы 9 қаңтарда агенттік Қоспаевты табуға көмектескенідерге сыйақы берілетінін жариялады. Тергеуден Елдос пен Айдос Қоспаевтар, Ерлан Имашев, Руслан Шалин, Оксана Кудряшова, Алексей Кузнецов жалтарып, жасырынып жүргенін хабарлады.
2023 жылы 8 қыркүйекте ҰҚТ мүшелері Елдос Қоспаев, Айдос Қоспаев, Айбек Қоспаев, Руслан Шалин, Оксана Кудряшова, Алексей Кузнецов, Ерлан Имашев ұсталып, соттың санкциясымен тергеу изоляторына қамалғаны белгілі болды.