2024 жылғы 9 қыркүйектен бастап ойын автоматтары залдарын қайдан табуға болады
Туризм және спорт министрлігі ойын бизнесін ұйымдастырушыларға Ойын автоматтары залдарын жаңа заңға сәйкес келтіру жолдарын түсіндірді.
Атап айтқанда, казино қызметі жүзеге асырылатын үш жұлдыздан төмен емес санаттағы қонақ үй кешенінде меншік құқығындағы немесе өзге де заңды негіздегі ғимараттың болуы туралы талап белгіленді.
Министрліктің ақпаратынша, бұл нормалар құмар ойындарға тәуелділік және қылмыс деңгейін төмендетуге, сондай-ақ туризм объектілерінің тартымдылығын арттыруға және жалпы туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Заңда бұрынғы біліктілік талаптарына сәйкес лицензия алған ОАЗ қызметінің өтпелі ережелері мен сәйкес келтіру мерзімдері туралы нормалар қарастырылмаған.
"Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағына сәйкес егер нормативтiк құқықтық актiлердiң өздерiнде немесе оларды қолданысқа енгiзу туралы актiлерде өзгеше ескертілмесе, барлық нормативтiк құқықтық актiлер тiкелей қолданылады. Осыған байланысты, 2024 жылдың 9 қыркүйегінен бастап жұмыс жасап тұрған лицензиаттар жоғарыда көрсетілген талапқа сәйкес қызмет етуге міндетті",- деп нақтылады ведомство.
Бұл қолданыстағы ОАЗ-ның Заң талаптарын дереу орындау міндетін көздейді.
Сондай-ақ, министрлік Премьер-Министрдің 2024 жылғы 13 тамыздағы № 120-ө өкіміне сәйкес біліктілік талаптарын толықтыру бөлігіндегі заңға тәуелді актілер, мемлекеттік қызметтер көрсету қағидалары, тексеру парақтары да қыркүйек айында(заң қабылданған күннен бастап 60 күн) сәйкес келтірілгенін атап өтті.
Осыған байланысты казино орналасқан қонақүйлерден тыс жерде ОАЗ қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылар өз қызметін ағымдағы жылдың қыркүйек айында жаңа біліктілік талаптарына сәйкес келтіруі қажет.
"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодекстің 464-бабының 1-бөлігіне сәйкес лицензияланатын қызмет түрлеріне қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмеу – лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып немесе онсыз,
- жеке тұлғаларға – он бес,
- лауазымды адамдарға,шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – қырық бес,
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне – сексен,
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сондай-ақ ӘҚБтК-нің жоғарыда аталған бабының 2-тармағына сәйкес, лицензияның қолданылуын тоқтата тұру мерзімі өткеннен кейін әкімшілік жауаптылыққа әкеп соққан, лицензиялау нормаларын бұзушылықтарды жоймау – лицензиядан айыра отырып не онсыз, жеке тұлғаларға – қырық, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
Біз бұған дейін 9 қыркүйектен бастап лотерея билеттерін сату нүктелерін қайда орналастыруға болмайтынын айтқан болатынбыз.