2025 жылдан бастап журналистерге арналған аккредиттеу карталары жеңілдетілген тәртіппен берілетін болады
Қағидаларда журналисті (БАҚ өкілін) аккредиттеу – журналисті тағайындау рәсімі және оның өкілеттігін Мемлекеттік орган және (немесе) ұйым мойындауы белгіленген.
Бұқаралық ақпарат құралдары журналистерді аккредиттеудің оңайлатылған тәртібімен бірыңғай медиа платформа арқылы аккредиттейді.
Журналистерге аккредиттеу карталары беріледі.
Аккредиттеуші ұйым аккредиттеу картасын беруге өтініштерді қабылдауды бастау туралы хабарландыруды бірыңғай медиа платформада қазақ және орыс тілдерінде орналастырады.
Аккредиттеуші ұйымның жанынан өз журналистері үшін аккредиттеу картасын алуға ниет білдірген бұқаралық ақпарат құралдары он жұмыс күні ішінде бірыңғай медиа платформада аккредиттелетін журналистердің келесі құжаттарын қоса бере отырып, бас редактордың және бұқаралық ақпарат құралы редакциясы өкілінің қолы қойылған аккредиттеу картасын беру туралы өтініш береді.
- жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін;
- аккредиттелетін журналистің "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дербес деректерін пайдалануға келісімін;
- аккредиттелетін журналистердің фотосуретін.
Өтінішті қарау мерзімі құжаттарды қабылдау аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні.
Өтінішті аса маңызды мемлекеттік объектілерде және стратегиялық объектілерде қарау мерзімі – он жұмыс күні.
Аккредиттеуші ұйым өтінішті қарау қорытындылары бойынша өтініш берушілерді мынадай шешімдердің бірі туралы бірыңғай медиа платформа арқылы хабардар етеді:
- аккредиттеу картасын беру туралы;
- аккредиттеу картасын беруден бас тарту туралы.
Аккредиттеу картасы аккредиттеуші ұйым айқындайтын мерзімге беріледі.
Қағидаларда аккредиттеу картасын беруден бас тарту үшін негіздер айқындалған:
- құжаттарды ұсынбау;
- бұқаралық ақпарат құралының өнімін таратуды не бұқаралық ақпарат құралын шығаруды тоқтата тұру не тоқтату туралы заңды күшіне енген сот шешімінің болуы;
- тізілімде есепке қойылған бұқаралық ақпарат құралдарының болмауы аккредиттеу картасын беруден бас тартуға негіз болып табылады.
"Журналистерді аккредиттеудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен бекітілген Журналистерді аккредиттеудің үлгілік қағидаларына сәйкес аккредиттеу картасынан айырудың негізі айқындалады.
Бұқаралық ақпарат құралының өкілі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен аккредиттеу картасын беруден бас тартуға шағым жасай алады.
Бұйрық 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.