Қазақстанда адамға қарсы қатыгездік критерийлері кеңейтіледі
Атап айтқанда, "әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соққан қатыгездікпен қарау" ұғымына мынадай толықтыру енгізіледі – жасалған әрекеттерге катысты қылмыстық іс жүргізуді қозғау фактісінің бар-жоғына қарамастан, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, кәмелетке толмағанға қатысты зорлық-зомбылық, не кәмелетке толмағанның көзінше жеке тұлғаға қарсы жасалған құқық бұзушылық, адам саудасына, оның ішінде кәмелетке толмағандар саудасына, оларды пайдаланудың өзге де түрлеріне байланысты әрекеттер, сондай-ақ адам ұрлау.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық кезінде әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соққан қатыгез қарым-қатынастың болуын бағалау кезінде кәмелетке толмағанның не оның қатысуымен жеке адамға, оның ішінде кәмелетке толмағандардың өзіне қарсы құқық бұзушылық жасалған зорлық-зомбылық та қаралады.
ІІМ мәліметінше, жобаның мақсаты жеке адамға қарсы құқық бұзушылықтың, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәгері болған кәмелетке толмағандардың әлеуметтік бейімсіздігіне және әлеуметтік депривацияға әкеп соққан қатыгездікпен қараудың бар-жоғын бағалау бөлігінде критерийді айқындау болып табылады.
"Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартында көзделген арнаулы әлеуметтік қызметтерге (әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқықтық) қол жеткізу үшін зорлық-зомбылыққа куә болған кәмелетке толмаған адамдарды сәйкестендіру рәсімін жүргізу жоспарлануда",- деп толықтырды ІІМ.
Құжат 3 қазанға дейін қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" сайтында орналастырылған.