Мәжіліс Француз даму агенттігі тобының еліміздегі жұмысы туралы келісімді ратификациялады
Мәжілістің жалпы отырысында 23 қазанда Премьер-министрдің орынбасары – ҚР Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлім еткендей, Қазақстанда ФДА үшін құқықтық, салықтық және қаржылық жағдайлар қарастырылады.
"Агенттіктің барлық қызметкерлері салық салымынан босатылады. Енді борышкерлік операциялар ағымдағы заңнама шеңберінде қаралатын болады", – деді Нұрлан Байбазаров.
Келісім Француз даму агенттігі тобының Қазақстанда жұмыс істеу қағидаларын айқындайды. Онда құқықтық, салықтық және қаржылық жағдайлар көзделеді.
Француз даму агенттігі тобы қаражатты еуро, АҚШ доллары немесе кез келген басқа валютада, өзінің мәртебесіне сәйкес қаржылық немесе техникалық жәрдемдесудің кез келген нысанын ұсынуға, мемлекеттік немесе жеке құрылымдарға консультациялық қызметтер, техникалық жәрдемдесу және оқыту қызметтерін ұсынуға құқылы. Оның Қазақстанда өз қызметін жүзеге асыру үшін қажетті құқық қабілеттілігі болады және шетелдік заңды тұлғалардың жеке меншігінде болуға тыйым салынған жерлерді қоспағанда, жылжымалы-жылжымайтын мүлікті иелене және оған билік ете алады, сондай-ақ сотқа жүгіне алады.
Келісім Француз даму агенттігі тобын өз қызметі шеңберінде Қазақстан Республикасында корпоративтік табыс салығын төлеуден (төлем көзінен ұсталатын салық төлеуді қоса алғанда) босатуды көздейді. Ол келісімде көрсетілген қызметті жүзеге асыру үшін Қазақстанда өкілдік ашуға және ұстауға құқылы. Француз даму агенттігі тобы мен оның өкілдігі банк немесе басқа қаржы институты мәртебесіне ие болмайды, сондықтан жергілікті банктік ережелерге бағынбайды.