Қазақстанда шетелдіктерге арналған визалар мен шақыруларды ресімдеу ережелері жаңартылды
Атап айтқанда, ережелер жаңа редакцияда көрсетілген.
Мәселен, визаны санаты, алушы, мәртелігі, қолданылу мерзімі, Қазақстан Республикасының аумағында болу кезеңі, беру негіздері және визаны беруге қажетті құжаттар осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес анықталады.
Визалар бір мәртелі және көп мәртелі болып бөлінеді.
Бір мәртелі виза алушыға визада белгіленген мерзімге, мақсатқа және талапқа сәйкес Қазақстан Республикасына бір мәрте кіруге, оның аумағы арқылы өтуге, онда болуға және Қазақстан Республикасынан шығуға рұқсат береді.
Көп мәртелі виза алушыға визада белгіленген мерзімге, мақсатқа және талапқа сәйкес Қазақстан Республикасына көп мәрте кіруге, оның аумағы арқылы өтуге, онда болуға және Қазақстан Республикасынан шығуға рұқсат береді.
Қазақстан Республикасы аумағынан кетуге арналған визалар виза алушыға визада белгіленген мерзімге және талапқа сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында болуына және Қазақстан Республикасынан шығуға құқық береді.
Қазақстан Республикасының визалық жапсырмасын толтыру осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес жүргізіледі.
Визаларда түзетуге жол берілмейді. Түзетілген визалар жарамсыз болып саналады.
Визаны электронды форматта толтыру ВКП арқылы жүзеге асырылады.
Визалардың орнына жүретін құжаттар мыналар:
- Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктерінің, консулдық мекемелерінің, халықаралық ұйымдар мен олардың өкілдіктерінің басшыларына, персонал мүшелеріне, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне ҚР СІМ берген аккредиттеу куәлігі;
- шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасында тұруына ыхтиярхаты;
- азаматтығы жоқ адамның куәлігі;
- соттың шетелдікті Қазақстан Республикасынан шығарып жіберу туралы қаулысы;
- жол жүру құжаты.
Осы Қағидаларда қарастырылғаннан басқа халықаралық өзара түсіністік қағидатын ескере отырып, Қазақстан Республикасында болу мерзімі Қазақстан Республикасының азаматтарының болу мемлекетінде болу мерзімінен аспайтын ұзақ мерзімді визалар берілуі және виза ресімдеу мерзімі ұзақ уақыт болуы мүмкін.
"Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қабылдау және келісу", "Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келу және Қазақстан Республикасынан кету құқығына Қазақстан Республикасының аумағында визаны беру, қалпына келтіру және ұзарту" мемлекеттік қызметтерді алушылар жеке немесе заңды тұлғалар болып табылады, "Қазақстан Республикасына кіруге және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік өтуге визалар беру, олардың мерзімін ұзарту" мемлекеттік қызметті алушылар жеке тұлғалар болып табылады.
Шақыруларды рәсімдеу
Ережелер виза алушылардың Қазақстан Республикасына келуіне шақыруларды ресімдеу, шақыруларды келісу тәртібін айқындайды.
Жеке істер бойынша шақыру Қазақстан Республикасына визаны алушының болжамды келу күніне 1 (бір) жылдан ерте емес және 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей беріледі.
Қолдаухат немесе вербалды нота виза алушының Қазақстан Республикасына болжамды келу күніне күнтізбелік 90 күннен ерте емес және 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей беріледі.
Шақыруды қарау мерзімі осы Қағидалардың 16-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, өтініш білдірген күннен бастап электронды түрде қызмет көрсету кезінде – 3 жұмыс күнінен және қағаз түрінде – 5 жұмыс күнінен аспауы тиіс.
ҚР ІІМ және ҚР СІМ нұсқауы бойынша шақыру құжаттары қысқа мерзімде қабылданады және өңделеді.
Шақыруды ресімдеу үшін шақырушы тарап осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша кестені қоса отырып вербалды нотаны ҚР СІМ-ге ұсынады.
Шақырушы тарап шақыруды ресімдеу үшін ҚР ІІМ АПО-ға немесе "Азаматтарға арналған үкімет "Мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы өзінің тіркелген жері бойынша өтінішхат және "Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қабылдау және келісу" мемлекеттік қызметін көрсету үшін қажетті мынадай құжаттарды ұсынады.
жеке сапар бойынша келуге шақыруды ресімдеу үшін:
- жеке басты куәландыратын құжат (салыстыру үшін);
- осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша екі данада толтырылған кесте;
- мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат (Мемлекеттік корпорацияға жүгінген және "электрондық үкіметтің" төлем шлюзі арқылы мемлекеттік баж төленген жағдайда осы құжатты ұсыну талап етілмейді);
заңды тұлғаның не жеке кәсіпкердің шақыруын ресімдеу үшін:
- осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша екі данада толтырылған кесте;
- мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат (Мемлекеттік корпорацияға жүгінген және ЭҮТШ арқылы мемлекеттік бажды төлеген кезде осы құжатты ұсыну талап етілмейді);
- өкілдің өкілеттігін растайтын құжат.
Мемлекеттік корпорацияның қызметкері көрсетілетін қызметті алушы Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтерді, заңды тұлғаны немесе жеке кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтерді, көрсетілетін қызметті алушының "Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қабылдау және келісу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет үшін мемлекеттік баж сомасын бюджетке төлегенін растайтын құжатты (ЭҮТШ арқылы төлеген жағдайда) және басқа да қажетті мәліметтерді "электрондық үкімет" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.
Қазақстан Республикасының зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін реттейтін заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, Мемлекеттік қызметтер туралы заңның 5-бабына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушылардан ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін құжаттар мен мәліметтерді көрсетілетін қызметті берушіге, Мемлекеттік корпорацияға салыстыру үшін түпнұсқалары ұсынылған құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелерін талап етуге жол берілмейді.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, Мемлекеттік корпорацияның қызметкері мемлекеттік қызмет көрсету кезінде заңмен қорғалатын құпияны қамтитын, ақпараттық жүйелердегі мәліметтерді пайдалануға көрсетілген қызметті алушының жазбаша келісімін алады.
Сұратылған визаның санатына қарай қосымша ұсынылады:
- инвесторлар үшін – Қазақстан Республикасының инвестициялар жөніндегі уәкілетті органының немесе АХҚО Әкімшілігінің қолдаухаты;
- іскерлік сапарға арналған көп мәртелік визаны ресімдеу үшін – Қазақстан Республикасына сапардың іскерлік сипатын растайтын шарттың немесе келісімшарттың көшірмесі (этникалық қазақтарды, бұрынғы отандастарды және осы Қағидалардың 6-қосымшасына сәйкес, визаларды ресімдеу кезінде шақыруды міндетті түрде көрсетуден босатылатын экономикасы дамыған, саяси және көші-қоны тұрақты мемлекеттердің (бұдан әрі – мемлекеттер тізімі) азаматтарын қоспағанда);
- діни іс-шараларға қатысу немесе миссионерлік қызметті жүзеге асыру үшін – діни қызмет саласын жүзеге асыратын уәкілетті органдағы мекеменің жазбаша келісімі;
- Қазақстан Республикасының аумағындағы түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан адамдарға бару үшін – ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесінің жазбаша келісімі;
- Қазақстан Республикасының азаматтарын асырап алу үшін – Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының жазбаша келісімі;
- еңбек қызметін жүзеге асыру үшін, соның ішінде маусымдық шетелдік жұмыскерлер үшін – шақырушы тарапқа шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат, не біліктілік сәйкестігі туралы анықтама, не болмаса "Еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты талап етілмейтін адамдардың тізбесін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 ж. 23 қарашадағы № 1041 қаулысына немесе халықаралық шарттарға сәйкес виза алушыға мұндай рұқсат талап етілмейтіндігі туралы құжаттар, сондай-ақ мынадай құжаттар қосымша ұсынылады:
- қандастар үшін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2013 жылғы 22 шілдедегі № 329-ө-м "Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту қағидаларын бекіту туралы" бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8624 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша қандас куәлігінің көшірмесі мен түпнұсқасы немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);
- теңіз, өзен кемелері, әуе көлігі экипаждарының мүшелері, "Жоғары оқу орындарына ерекше мәртебе беру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 ж. 5 шілдедегі № 648 Жарлығына сәйкес ерекше мәртебе берілген жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамы, сондай-ақ "Білім туралы құжаттарды тану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 ж. 12 маусымдағы № 268 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32800 болып тіркелген) белгіленген тәртіпте расталған құжаттары бар жоғары оқу орындарында басшылар лауазымдарында жұмыс істейтін, жоғары білімі бар және экономика саласында кадрларды даярлауды жүзеге асыратын оқытушылар үшін:
- шетелдік қызметкермен еңбек келісімшартының көшірмесі;
- АХҚО қатысушылары мен органдары тартатын адамдар үшін:
- заңды тұлғаны АХҚО қолданыстағы құқығына сәйкес тіркеуді немесе аккредитациялауды растайтын сертификаттың көшірмесі;
- шетелдік қызметкермен еңбек келісімшартының көшірмесі;
- білім туралы құжаттарды тану қағидаларында белгіленген тәртіпте расталған құжаттары бар жоғары білімді, ұлттық басқару холдингінде құрылымдық бөліністердің басшыларынан төмен емес лауазымдарда жұмыс істейтін адамдар үшін Қазақстан Республикасында құрылымдық бөліністердің бірінші басшыларының шетелдік қызметкерді тағайындауы туралы ұлттық басқару холдингінің бұйрығы;
- ұлттық басқару холдингінің директорлар кеңесі мүшелері ретінде жұмыс істеуге тартылатын адамдар үшін – ұлттық басқару холдингінің директорлар кеңесінің жалпы жиналысынан үзінді;
- шетелдік заңды тұлғалардың филиалдарының немесе өкілдіктерінің бірінші басшысы болып жұмыс істейтін адамдарға – шетелдік қызметкерді бірінші басшы етіп тағайындау туралы құрылтайшының шешімі не құрылтайшылардың жалпы жиналысынан үзінді;
- олардың жарғылық капиталында шетелдік қатысудың жүз пайыз үлесімен қазақстандық заңды тұлғалардың бірінші басшылары болып жұмыс істейтін адамдарға – шетелдік қызметкерді Қазақстан Республикасында бірінші басшы етіп тағайындау туралы құрылтайшының шешімі не құрылтайшылардың жалпы жиналысынан үзінді;
- олардың жарғылық капиталында шетелдік қатысудың жүз пайыз үлесімен қазақстандық заңды тұлғалардың бірінші басшыларының орынбасарлары болып жұмыс істейтін адамдарға – басшының орынбасары лауазымына жұмысқа қабылдау және тағайындау туралы бұйрықтың көшірмесі;
- оқу практикасынан немесе тағылымдамадан өту үшін –Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының немесе "Астана Хаб" бағдарламалары бойынша оқудан өту үшін "Астана Хаб" қолдаухаты;
- гуманитарлық уәждер бойынша – Қазақстан Республикасында тіркеуден өткенін растайтын халықаралық ұйымның немесе оның өкілдігінің құжаты, немесе гуманитарлық көмек көрсету туралы Қазақстан Республикасында ратификацияланған халықаралық шарты бар болғанда, болу елінің заңнамасына сәйкес ресми түрде тіркелген шетелдік үкіметтік емес қоғамдық ұйымның (қор) құжаттары;
- білім алу үшін – Қазақстан Республикасының оқу мекемесінің немесе Қазақстан Республикасының білім беру мәселелері жөніндегі уәкілетті органдарының қолдаухаты;
- жақын туыстарын күтіп-бағу үшін – денсаулық сақтау ұйымдарында емделіп жатқан Қазақстан Республикасының азаматтары, немесе Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын виза алушылар үшін – Қазақстан Республикасында орналасқан денсаулық сақтау ұйымы берген – 026/е нысандағы анықтама және тұрақты күтіп-бағу қажеттілігі туралы құжаттары, сондай-ақ туыстық дәрежесін растайтын құжаттар.
Көрсетілетін қызметті берушіге құжаттарды тапсыру үшін кезек күтудің рұқсат етілген ең аз уақыты – 30 минут, Мемлекеттік корпорацияға – 15 минут.
Көрсетілетін қызметті алушыға қызмет көрсетудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – 20 минут.
Шақыру туралы құжаттар ресімделеді:
- ҚР ІІМ немесе ҚР ІІМ АПО уәкілетті қызметкерінің қолымен куәландырылған және мөрмен бекітілген жеке істер бойынша шақыруды беру жолымен;
- заңды тұлғаның қолдаухатының бірінші данасына ҚР ІІМ АПО уәкілетті қызметкерінің қолымен куәландырылған және мөрмен бекітілген келісу нөмірін қою жолымен. Қолдаухаттың екінші данасы мен қоса берілген құжаттар ҚР ІІМ АПО іс номенклатурасына тігіледі.
Шақырудың тіркеу нөмірі мен шақыруды беру күні туралы ақпарат "Бүркіт" БАЖ-ға енгізіледі.
Құжат сонымен қатар келесілерді бекітеді:
- ҚР визаларын беру ережесі.
- ҚР визаларын жою, қалпына келтіру, сондай-ақ олардың қолданылу мерзімдерін ұзарту және қысқарту тәртібі.
- Көрсетілетін қызметті берушілердің немесе олардың лауазымды адамдарының, Мемлекеттік корпорацияның немесе оның қызметкерлерінің мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі.
Бірлескен бұйрық 2024 жылғы 17 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.