Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы жаңа ереже бекітілді
Құжат Қазақстан халқы Ассамблеясының мәртебесі мен өкілеттіктерін, сондай-ақ оның мемлекеттік органдармен және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимылын ұйымдастыру ерекшеліктерін, Қазақстан Республикасының этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатын әзірлеуге және іске асыруға қатысу тәртібін айқындайды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Президент құратын заңды тұлға құрмайтын мекеме болып табылады. Ассамблея қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал етеді.
Ассамблеяның Функциялары:
- Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға жәрдемдеседі;
- этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісім, мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту саласындағы шараларды әзірлеуге және іске асыруға қатысады;
- Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат мәселелері бойынша заң жобаларының қоғамдық-саяси сараптамасына қатысады;
- Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, азаматтық қоғам институттарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;
- мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың Ассамблея сессиялары мен Ассамблея кеңесі шешімдерінің қаралуына бақылауды жүзеге асырады;
- өңірлік деңгейде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға жәрдемдеседі;
- өз құзыреті шеңберінде мемлекеттік органдарға, ұйымдарға және этномәдени бірлестіктерге әдістемелік көмек көрсетеді;
- елімізде және шетелде Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін танымал етеді;
- этносаралық қатынастар саласына, оның ішінде мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін қолдану саласына мониторингті жүзеге асырады;
- этносаралық қатынастар саласындағы келіспеушіліктер мен дауларды реттеу, жанжалды жағдайларға жол бермеу бойынша ұсынымдар әзірлейді және практикалық шараларды іске асырады және оларды шешуге қатысады;
- шет елдердегі қазақ диаспорасына ана тілін, мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін сақтау және дамыту, оның тарихи Отанымен байланысын нығайту мәселелерінде қолдау көрсету жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
- Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған ағартушылық және баспа қызметін жүзеге асырады;
- Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік мәселелері бойынша мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің диалогын қамтамасыз ететін семинарлар, конференциялар өткізеді, сондай-ақ өзге де іс-шараларды жүзеге асырады;
- ҚР қолданыстағы заңнамасы шеңберінде қайырымдылық және демеушілік көмек қабылдайды және көрсетеді;
- Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саласында қайырымдылықты, медиацияны дамытуға жәрдемдеседі; (жаңа функция)
- өз құзыреті шеңберінде ҚР заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Президенті Ассамблеяның төрағасы болып табылады. Құжаттың бұрынғы редакциясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Ассамблеяны басқарудың өмір бойғы құқығына ие болған болатын.
Президент:
- Ассамблея құрады және қайта ұйымдастырады;
- Ассамблея қызметінің бағыттарын айқындайды;
- Ассамблеяның басшы лауазымды адамдарын тағайындайды және қызметтен босатады;
- Ассамблея Кеңесінің ұсынысы бойынша Парламент Сенатының бес депутатын тағайындайды;
- Ассамблея сессиясын шақырады;
- ҚР Конституциясы мен заңдарына сәйкес өзге де қызметті жүзеге асырады.
Ассамблеяның жоғарғы басқару органы Ассамблея Сессиясы болып табылады.
Сессияның айрықша құқығы:
- Ассамблеяның дамуын айқындауда тұжырымдамалық тәсілдерді әзірлеу және оларды Президенттің қарауына енгізу;
- Ассамблея мүшелерінің есептерін тыңдау.
Сессиялар арасындағы кезеңде Ассамблеяға басшылықты Ассамблея Кеңесі жүзеге асырады.
Кеңестің өкілеттіктеріне мыналар жатады:
- Президент тағайындайтын Парламент Сенатының депутаттығына бес кандидат бойынша ұсыныстар енгізу;
- Ассамблея мүшелігіне кандидатураларды қарау;
- Президентке кезекті сессияны шақыру және күн тәртібі туралы ұсыныстар енгізу;
- Ассамблея аппаратының (Хатшылығының) Жұмыс жоспарына ұсыныстар енгізу;
- қоғамдық наградалар құру және олар туралы Ережелерді бекіту;
- сессияның айрықша құзыретіне жатпайтын өзге де шешімдер қабылдау.
Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана ассамблеясының жұмыс органы аппарат (Хатшылық) болып табылады.
Ассамблея қызметін ғылыми сүйемелдеу үшін ғылыми-сараптамалық кеңес құрылады.
Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды, осы саладағы мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету және қоғамдағы этносаралық келісім мен толеранттылықты одан әрі нығайту үшін Ассамблея мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды.
Ассамблеяның этномәдени қоғамдық бірлестіктермен, басқа да азаматтық қоғам институттарымен, шет елдердің ұқсас құрылымдарымен, сондай-ақ Қазақстанның ұлттық бірлігін нығайту және мәдени-тілдік алуан түрлілігін, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау және этникалық топтардың құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылын хатшылық ҚР заңнамасы шеңберінде қамтамасыз етеді.
Қоғамды шоғырландыру, бірлікті қамтамасыз ету және ұлттық-мемлекеттік азаматтық бірегейлікті қалыптастыру, толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында Ассамблея ҚР-ның этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатын әзірлеуге және іске асыруға қатысады.
Хатшылық ғылыми-сараптамалық кеңесті тарта отырып, этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы бағдарламалық құжаттардың жобаларын әзірлейді немесе әзірлеуге қатысады, оларды кеңеске талқылау үшін енгізеді, оларды сессияда қарауды ұйымдастырады, Президентке бекітуге жібереді.
Сонымен қатар, Ассамблея Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасын әзірлеуде.
Әзірленген тұжырымдама Ассамблея Төрағасының қарауына енгізіледі және ол мақұлданған жағдайда ол бекітеді. Ассамблея Төрағасы Ассамблеяның бағдарламалық құжаттарын бекітеді және оларды іске асыру жөнінде тапсырмалар береді.
Бұған дейін тұжырымдаманы президент бекіткен болатын.
Тұжырымдама мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары арқылы жүзеге асырылады.
Жарлық 2024 жылдың 27 желтоқсанынан бастап қолданысқа енгізілді.