"Параны "эскиздер" деп атаған". Қорғаныс министрлігінің шенеунігі 4 жылға сотталды
Ақмола гарнизоны Әскери сотының 2024 жылғы 11 желтоқсандағы үкіміне сәйкес, 2023 жылы Қарулы Күштердің қажеттіліктері үшін жалпы сомасы 3,5 млрд теңгеге модульдік ғимараттардың жеткізілімі бойынша мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарттар жасалды. Осы қаражаттың 3,2 млрд теңгесі кәсіпкердің қолына тиген.
Полковник аталған келісім бойынша міндетін атқарушы кәсіпкерді өз кеңсесіне шақырып алып, онда көрсетілген барлық соманың 10% мөлшерінде пара беруді меңзеген, яғни қабылдау-беру актілерін кедергісіз қабылдағаны және төлемге өтінімдерге қол қойғаны үшін 320 млн теңге мөлшерінде парадан үмітті болған. Бұған келіспеген жағдайда шарттарды біржақты тәртіппен бұза алатынын ескерткен. Саудаласа келе тараптар 200 млн теңгеге тоқтайды.
Кәсіпкер шенеуніктің іс-әрекетінің заңсыздығын түсініп, әңгімелерді диктофонға жазып алған. Полковник бірінші транштан 10 млн теңге сұрады. Ол параны "эскиздік жобалар" және "эскиздер" деген сөздермен алмастырып, әңгіме жүргізген. Кәсіпкер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгінгеннен кейін оның қолына 10 млн теңге берілді, оның 9 млн теңгесі муляж болды. Ақша делдал арқылы берілді, содан кейін әскери шенді ұсталды.
Сотта полковник өз кінәсін мойындамады, бірақ сот барлық дәлелдемелерді талдап, шенеунікті ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігі мен 366-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды және оған орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеуді міндеттей отырып, төрт жыл бас бостандығынан айырды.
Сондай-ақ, сот оны өмір бойы мемлекеттік қызметте әскери қызмет атқару құқығынан айырды.