Мәжіліс резервтегі қызмет мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген түзетулерді мақұлдады
Депутат Ермұрат Бапидің айтуынша, түзетулер әскери бөлімдерді дайындалған кадрлармен толықтыруға және жауынгерлік іс-қимылдарға дайын резервтік күштер құруға мүмкіндік береді.
"Әскери қызметтің осы түрін енгізу бейбіт уақытта Қарулы Күштер санын көбейтпей, алға қойылған міндеттерді орындауға дайын азаматтардың белгілі бір санын дайындауға мүмкіндік береді", – деді Ермұрат Бапи.
Депутаттар резервте әскери қызметке кіретін адамдарға қойылатын талаптарды, олардың әскери қызмет өткеру тәртібін, сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттерін белгілейтін нормаларды пысықтады.
Түзетулердің келесі блогы әскери резервшілердің еңбек қатынастары мен әлеуметтік қамсыздандырылуына қатысты. Заңнамада әскери қызмет өткеру кезінде алған жарақаттары үшін өтемақы төлемдері, мүгедектігі бойынша Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы, сондай-ақ әскери резервшілердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруына аударымдар мен жарналарды реттейтін нормалар көзделген.
Резервтегі қызмет Қазақстанда 2025 жылдан бастап енгізіледі. Бастапқы кезеңде Қорғаныс министрлігі еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңға жуық резервші жинауды жоспарлап отыр. Болашақта олардың саны армияның қажеттілігіне қарай реттелетін болады. Сондай-ақ, езервшілер ерікті негізде шақырылатын болады.