Қызметкерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке іріктеу кезінде олардың цифрлық рейтингі ескерілетін болады

Атап айтқанда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кызметке кандидаттың кәсіптік құзыреттерін, негізгі көрсеткіштерін айқындау және бәсекеге қабілеттілік көрсеткішін (цифрлық рейтингін) есептеу қағидалары мен әдістері жаңа редакцияда жазылды.
Бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші (цифрлық рейтинг) – құқық қорғау органының ақпараттық кадр жүйесі арқылы қалыптастырылған, қызметке кандидаттың және қызметкердің кәсіби құзыреттеріне, сондай-ақ лауазым үшін негізгі көрсеткіштеріне және кәсіби жетістіктері туралы объективті деректеріне негізделген кәсіби әлеуетінің қалыптасқан сандық мәні (өлшемшарттар);
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке кандидаттың кәсіби әлеуетінің деңгейін айқындаудың мақсаттары кандидаттың болжамды лауазымдағы кәсіби қызметін тиімді жүзеге асыру үшін қажетті білімінің, дағдыларының, қабілеттерінің сәйкестігін айқындау болып табылады.
Бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші (цифрлық рейтинг) сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке кандидатты алдын ала зерделеу және іріктеу кезінде ескеріледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке кандидаттың бәсекеге қабілеттілік көрсеткішін (цифрлық рейтингін) есептеу объективтілік және әділдік қағидаттарына негізделген.
Бәсекеге қабілеттілік көрсеткішін (цифрлық рейтинг) Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) және оның аумақтық органдарының кадр қызметі айқындайды.
Бәсекеге қабілеттілік көрсеткішін (цифрлық рейтингін) есептеу мынадай кезеңдерді қамтиды:
- сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің лауазымдары үшін түйінді көрсеткіштерді айқындау;
- кандидаттың кәсіби жетістіктерін бағалауды қамтиды.
Бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші (цифрлык рейтинг) 4 (төрт) деңгей бойынша балдық жүйе негізінде айқындалады. Әрбір деңгей сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке кандидаттың кәсіби әлеуетінің дәрежесін білдіреді:
- 4-деңгей (басшылық лауазымдар үшін - 70-тен 100 баллға дейін) – кандидат өз функцияларын лауазымға қойылатын біліктілік талаптарынан асатын деңгейде орындауға қабілетті. Өз саласында сарапшы болып табылады. Жұмысты жақсарту жолдарын ұсынуға, сондай-ақ жаңа тәсілдер мен шешімдерді әзірлеуге қабілетті;
- 3-деңгей (50-ден 69 баллға дейін қоса алғанда) – кандидат жеткілікті білім деңгейіне ие және атқаратын лауазымына сәйкес барлық қажетті дағдыларды көрсетеді. Өз құзыреті шегінде жұмысты өз бетінше және қатесіз орындауға қабілетті;
- 2-деңгей (30-дан 49 баллға дейін қоса алғанда) – жұмыс негізінен орта немесе жеткілікті деңгейде орындалады. Кандидаттың кейбір салаларда білім деңгейі жеткіліксіз, бұл кейбір міндеттерді орындау кезінде бақылау қажеттілігіне алып келеді. «В-РКО-6» санатынан жоғары емес лауазымға тағайындалады;
- 1-деңгей (1-ден 29 баллға дейін қоса алғанда) – кандидат лауазымдық міндеттерді орындау үшін жеткілікті білім деңгейіне ие емес, жұмысты өз бетінше орындауға қабілетсіз, басшы тарапынан тұрақты бақылауды талап етеді. «В-РКО-8» санатынан жоғары емес лауазымға тағайындалады.
Агенттіктің және оның аумақтық органдарының кадр қызметі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке кандидаттардың ведомстволық деректер банкін олардың бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерін (цифрлық рейтингін) көрсете отырып жүргізеді.
Конкурсқа қатысуға ниет білдірген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері Агенттіктің кадр қызметіне конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланғаннан кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей қолма-қол немесе хабарландыруда көрсетілген электрондық пошта мекенжайына, сондай-ақ ақпараттық автоматтандырылған дерекқор (ақпараттық жүйе) арқылы мынадай құжаттарды ұсынады:
- нысан бойынша ішкі конкурсқа қатысу үшін өтініш;
- құрылымдық бөлімшенің басшысы қол қойған жұмыстағы негізгі көрсеткіштер мен нақты жетістіктерді көрсететін қызметтік іс-қимылдың нәтижелері туралы сипаттама.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің конкурсқа қатысуға ниет білдірген қызметкерлері сондай-ақ Агенттіктің кадр қызметінде психологиялық-әлеуметтік зерттеуден өтеді.
Бұйрық 2025 жылғы 20 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі.