Квази компаниялардың кірісті пайдалану туралы ақпарат беруі: ережелер бекітілді

Атап айтқанда, есепті ұйымның атқарушы органы есепті жылдан кейінгі екінші жылдың 1 ақпанынан кешіктірмей ұйымның жылдық қаржылық есептілігі, мемлекеттік кәсіпорынның және мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамның немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің даму жоспарының орындалуы туралы есеп, сондай-ақ ұйымның басқару органдарының таза кірісті бөлу тәртібі бойынша шешімдері негізінде қалыптастырады.
Есеп ұйым тиісті бюджетке аударымдардан немесе дивидендтер төлеуден босатылған жағдайда да қалыптастырылады.
Ұйым есепті жылдан кейінгі екінші жылдың 5 ақпанынан кешіктірілмейтін мерзімде тиісті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есептің құрамына енгізу үшін акциялардың мемлекеттік пакетін (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) иелену және пайдалану құқықтарын жүзеге асыратын тиісті мемлекеттік органға, жергілікті атқарушы органға немесе аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппаратына осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тиісті бюджетке аударымдардан немесе дивидендтер төленгеннен кейін қалған таза кіріс қаражатын пайдалануы туралы есепті, тиісті бюджетке аударымдардан немесе дивидендтер төленгеннен кейін қалған таза кіріс қаражатын пайдалануы туралы ақпаратты береді.
Есепке түсіндірме жазба қоса беріледі, ол тиісті бюджетке аударымдардан немесе дивидендтер төленгеннен кейін қалған таза кіріс қаражатын пайдаланудың әрбір бағыты бойынша ақпаратты қамтиды және оның ажырамас бөлігі болып табылады.
Есепте тиісті бюджетке аударымдардан немесе дивидендтер төленгеннен кейін қалған таза кірістің бір бөлігінің нақты пайдаланылғаны туралы ақпарат көрсетіледі.
Есеп пен оған түсіндірме жазбаға ұйымның атқарушы органының басшысы қол қояды.
Акционерлік қоғам (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) акцияларының мемлекеттік пакетін (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) иелену және пайдалану не мемлекеттік кәсіпорындарды басқару құқықтарын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар есепті жылдан кейінгі екінші жылдың 10 ақпанынан кешіктірілмейтін мерзімде ұйымдардың есептерін бюджетті атқару жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органға ұсынады.
Ұйымның есептері республикалық немесе жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепке қосылады.
Есеп нысаны келесі ақпаратты қамтиды:
- Тиісті бюджетке аударымдардан немесе дивидендтер төленгеннен кейін қалған таза кіріс;
Оның ішінде пайдаланудың негізгі бағыттары:
- өндірісті дамытуға;
- резервтерді қалыптастыруға;
- өзге бағыттарға.
Бұйрық 2025 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.