Алматыда мейрамхана алдындағы абыр-сабыр: полиция желідегі видеоға қатысты түсініктеме берді

Instagram-да тараған видеода жеңіл көлікпен келген бір топ ер адам мейрамханаға қарай бет алады, оларды есік алдында таныстары қарсы алады. Сол кезде оларға жақын маңда тұрған ақ шетелдік көліктен түскен басқа ер адамдар жақындайды. Олар өзара сөзге келіп, арты жанжалға ұласады. Бұл жағдайға полицейлер араласады.
Келесі видеода оқиға орнына бірден бірнеше қызметтік көлікпен полицейлер жетіп алғанын көруге болады. Ер адамдардың бірі өзін агрессивті ұстап, полицейлердің бірін итеріп жібереді және соңында оны ұстау туралы шешім қабылданады. Одан басқа жанжалдың басқа қатысушылары да ұсталды. Сонымен қатар видеодан жерде жатқан пышақ тәрізді затты көруге болады. Видео сипаттамасында аталған оқиға Абылай хан көшесіндегі мейрамханалардың бірінің жанында болғаны айтылады. Алматы полициясының хабарлауынша, бұл оқиға 11 маусымда таңертең болған.
"102" қызметіне қала орталығындағы мекемелердің бірінде қоғамдық тәртіпті бұзу фактісі орын алғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына бірден бірнеше патрульдік экипаж жіберілді. Ол арада полицейлер мас күйінде жүрген бір топ азаматпен бетпе-бет келген. Ер адамдар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына дөрекі әрі агрессивті түрде жауап қатып, бағынбайтын ыңғай танытқан. Тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында алты адам ұсталып, Алмалы ауданының полиция басқармасына жеткізілді. Олардың әрқайсысының іс-әрекетіне құқықтық баға берілетін болады", деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу шаралары қолға алынды. Сонымен қатар, құқық бұзушылар әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін жауап береді.
"Сонымен қатар, полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікке төнген нақты қатерге жауап бере отырып, заң аясында қатаң әрекет еткенін атап өткіміз келеді. Билік өкілдеріне агрессия немесе қарсылық көрсетуді еш ақтауға болмайды, әсіресе олардың қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша өз міндеттерін орындауы кезінде", – деді полициядан.