Пранк түсіремін деп қытайлардан әбден сөз естіген қазақстандық блогер қыз полиция назарына ілікті
Сурет: видеодан алынды
Қазақстандық блогер әлдебіреудің телефонын алып, оны бейтаныс адамның қалтасына салып жіберген. Кейін оны "ұрлық жасады" деп айыптағандай кейіп танытып, аң-таң болған қыз бұл сәттің видеосын әлеуметтік желіде жариялаған. Бойжеткен мұнымен шектелмеген. Кейін көпшіліктің көзінше ер адамдарға қырындаған. Бұл қылығын да таспалап желіге жүктеген. Оның аккаунттары Қытайдағы платформаларда бұғатталып, видеолары өшірілген. Кейін блогер желідегі бұл жазбаларының көзін жойып жіберген. Қазақстанға оралғаннан кейін оған заң талаптары түсіндіріліп, ескерту жасалды, деп хабарлайды КТК.
Ал қазақстандық блогер қыздың әрекетін желіде талқылаған Қытай азаматтары оны әзіл емес, өздеріне көрсетілген қорлық ретінде қабылдап, қадау-қадау ауыр сөздерді жарыса жаудыруда.
Әйтсе де блогер полицейлерге бұл видеоларын әзіл үшін түсіргенін айтып, өкінішін жеткізген.
"Полиция қызметкерлері Қытайдан жақында оралған азаматпен профилактикалық және түсіндіру әңгімесін өткізді. Әлеуметтік желілерде материал жариялау кезінде отандастарға да, басқа ел азаматтарына да құрметпен қарау маңызды екенін ескертеді. Сондай-ақ шетелде жүрген әрбір азамат жергілікті дәстүрді, қоғамдық тәртіпті, сол елде қолданылатын заңдар мен мінез-құлық нормаларын құрметтеуге міндетті екенін есте ұстаған жөн". Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі
Айта кетсек, Жетісу облысында жалған ақпарат таратқан блогерге айыппұл салынғаны белгілі.