Үкімет үш жылға арналған мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз ету жоспарын бекітті
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
2025 жылғы 18 қыркүйектегі Үкімет қаулысымен 2025–2027 жылдарға арналған мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз ету және макроэкономикалық саясаттың теңгерімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Жоспар аясында үкімет келесі мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз етуі тиіс:
- Республикалық бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығын ЖІӨ-ге шаққанда 2025 жылы 7,3%-ға, 2026–2027 жылдары 5,9%-ға, ал 2028–2029 жылдары 5,5%-ға дейін төмендету. Мұнайға қатысты емес тапшылық республикалық бюджеттің негізгі көрсеткіші (ковенанты) ретінде бекітіледі.
- Республикалық бюджеттің жалпы тапшылығын 2025 жылы ЖІӨ-ге шаққанда 2,7%-ға, 2026 жылы 2,5%-ға, 2027 жылы 2,3%-ға, 2028–2029 жылдары 2,1%-ға дейін төмендету.
- Мемлекеттік қарыздың көлемін 2025 жылы ЖІӨ-нің 27,2%-ынан, 2026 жылы 28,1%-ынан, 2027 жылы 29%-ынан, 2028 жылы 29,9%-ынан, ал 2029 жылы 30,8%-ынан аспайтындай деңгейде сақтау.
Сонымен қатар, мемлекеттік қаржының теңгерімділігін арттыру мақсатында үкіметке келесілерді қамтамасыз ету қажет:
- Бюджет ережелері мен мақсатты көрсеткіштерді қатаң сақтай отырып, контрциклдік салық-бюджет саясатын жүргізу.
- Бюджетті жоспарлау сатысында, оның ішінде бекіту және нақтылау кезеңдерінде бюджет ережелерінің екі құрамдас бөлігінің сақталуын қамтамасыз ету (2025–2027 жылдары жыл сайын үкіметке есеп беру).
- Ұлттық қордан алынатын барлық қаражат түрлерін толық қамти отырып, бюджет ережелері мен мақсатты көрсеткіштердің шеңберін кеңейту.
- Мақсатты трансферттер көлемін тек Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің қатысуымен өтетін отырыстарда шешу (қажетіне қарай үкіметке ақпарат беру, 2025–2027 жж.).
- Ұлттық қор қаражаты есебінен квазимемлекеттік сектор компанияларының акцияларын сатып алуға тыйым салу.
Сонымен қатар, Ұлттық банкке Ұлттық қор активтері мен БЖЗҚ зейнетақы активтерін тиімді басқару мақсатында:
Ұлттық қордың жинақ портфелінің құрылымын жоғары табысты активтерге инвестицияны арттыру жағына қарай қайта қарастыру қажет, оның ішінде:
- Жергілікті экономиканы дамытуға бағытталған бастамаларды іске асыру және теңгерімді стратегиялық бөліністі қамтамасыз ету;
- Ұлттық қор активтерінің жалпы ұзақ мерзімді кірістілігін жыл сайын кемінде 1%-ға арттыру.
- БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігін ұзақ мерзімді кезеңде инфляциядан 150–200 базистік пунктке жоғары деңгейде қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау.
Сондай-ақ, жоспар келесіні көздейді:
- Корпоративтік табыс салығын төлеуші-резиденттерге мемлекеттік бағалы қағаздардан түсетін кірістерге қатысты салықтық жеңілдіктерді алып тастау ("Бәйтерек" ҰБХ АҚ және оның еншілес ұйымдарынан басқа).
- Инфляцияға әсерді азайту және тұтынушыларды қорғау мақсатында бөліп төлеу түріндегі қысқа мерзімді тұтынушылық несиелерге қатысты реттеуші шаралар қабылдау.
- Мемлекеттік қолдау көрсетудің негізгі критерийі ретінде салық түсімдері мен еңбекақы қорының өсуін белгілеу.
- Екінші деңгейлі банктердің қатысуымен "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ базасында шағын және орта бизнес субъектілерінің кредиттері бойынша кепілдік қоры құруды қамтамасыз ету.
Қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript