Қазақстан қауіпсіз ауыз суға қол жеткізуді жақсарту жөніндегі хаттаманы ратификациялады
Фото: primeminister.kz
Протокол 1999 жылғы 17 маусымда Лондонда қабылданған.
Құжаттың мақсаты – су ресурстарын тұрақты басқару арқылы халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын қамтамасыз ету, сондай-ақ сумен байланысты аурулардың таралуын алдын алу және шектеу.
Протокол көпжақты құқықтық құжат болып табылады және оның мақсаттары тұрақты даму мақсаттарымен стратегиялық тұрғыдан сәйкес келеді.
Ғаламдық деңгейде бұл – су жеткізу, санитария, гигиена және денсаулық сақтау мәселелеріне басты назар аударылған алғашқы және бірден-бір келісім.
Протокол бойынша елдердің негізгі міндеттері:
- су жеткізу, санитария, гигиена және денсаулық сақтау салаларында нақты және өлшенетін мақсаттық көрсеткіштерді белгілеу;
- сумен байланысты ауруларды қадағалау және олардың алдын алу жүйесін құру және жетілдіру;
- қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген төтенше жағдайлар бойынша әрекет жоспарларын әзірлеу;
- су ресурстарын қорғау және пайдалану, санитария және денсаулық сақтау саласында халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Осылайша, Қазақстан Конвенцияның институционалдық құрылымына қосылып, қауіпсіз ауыз суды дайындау және жеткізу, сондай-ақ сарқынды суларды кәдеге жарату және қайта пайдалану саласындағы озық технологиялар мен білімдерге қол жеткізе алады, бірлескен қадағалау және ерте ескерту жүйелерін, Төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл жоспарларын әзірлеуге қатыса алады.