Петропавлда сот сталкерге арақ ішуге тыйым салып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа жегу жазасын тағайындады
Сурет: pexels
Елдегі қудалау фактісі бойынша алғашқы үкім Петропавл қалалық сотында жарияланды.
Жәбірленушінің арызына сәйкес, оны бір жарым жылдан астам уақыт бойы 37 жастағы қала тұрғыны қудалаған. Ол полицияға ер адамның өзіне үнемі бақылау жасап, еркінен тыс түрде көңіл бөлуге тырысқанын, өзі және жақын ортасымен жанжалға барғанын хабарлаған. Бұған дейін ер адам жәбірленушінің атына балағат сөздер айтқаны, дене жарақатын келтіргені, сондай-ақ оның танысына шабуыл жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Алайда соған қарамастан, қудалауын тоқтатпаған.
Жәбірленуші тыныштығынан айырылып, қала ішінде еркін қозғалу мен адамдармен қарым-қатынас жасаудан қорқа бастағанын, өзге де азаматтар оның әрекеттерінен жапа шегуі мүмкін екенін айтқан. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстанда ҚК-нің 115-1-бабы "Сталкинг" күшіне енгеннен кейін, айыпталушы жәбірленушімен екі рет байланыс орнатуға әрекеттенген. Сол әрекеттердің бірі жәбірленуші подъезіне орнатқан бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Ол 22 қаңтар күні полицияға жүгінген. Құқық қорғау органдары қысқа мерзімде тергеу жүргізіп, материалдарды сотқа жолдады. 28 қаңтарда айыпталушыға қатысты үкім шығарылды: 100 сағат қоғамдық жұмыс. Сонымен қатар оған алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салынып, профилактикалық әңгімелесу үшін полицияға тұрақты түрде келу міндеттелді және ең бастысы — жәбірленушімен кез келген байланысқа түсуіне қатаң тыйым салынды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ. СҚО полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының мәліметінше, қаңтар айында облыста сталкингтің екі фактісі тіркелген, екіншісі бойынша қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Бұған дейін желіде бір қыздың артына түскен бөтен қыздың видеосы тараған. Аталған оқиға Семейде болғаны белгілі болды.