Қарағандыда жеке үйден құнды зат толы сейфті көтеріп кеткен күдікті ұсталды
Сурет: polisia.kz
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдіктінің туған жерінде осыған ұқсас ұрлық қылмысын жасағаны анықталған. Белгілі болғандай, күдікті Қарағанды қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің терезесін бұзып, заңсыз кіріп, ішінде ақша мен алтын бұйымдар сақталған сейфті алып кеткен. Жаңа жылдық мерекелік демалыстан кейін үйлеріне оралған қарағандылық отбасы бұл қылмысты анықтаған. Келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы 10 миллион теңгені құрады.
Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуаныш Орынбетовтің айтуынша, күдікті өз кінәсін мойындап, қылмысқа қатысты айғақ заттар табылған.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу аясында полицейлер ұсталған азаматтың қала аумағындағы жүріп-тұру бағытын зерттеп, оның бұрын тіркелген, ашылмай қалған өзге де ұрлық қылмысына қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.