Патенттік сенім білдірілген өкілдер қызметінің мәселелері жөніндегі комиссия шешіміне қалай шағымдануға болады
Фото: pexels
Комиссияның міндеттері жеке және заңды тұлғалардың патенттік сенім білдірілген өкілдер қызметінің мәселелері жөніндегі комиссияның шешімдеріне шағымдарын қарау, сондай-ақ шағымдарды қарау кезінде заңдылық, әділдік, бейтараптық, объективтілік, жариялылық, ашықтық, айқындық қағидаттарының сақталуы болып табылады.
Комиссияға жеке және заңды тұлғалардың патенттік сенім білдірілген өкілдер қызметінің мәселелері жөніндегі комиссияның шешімдеріне шағымдары беріледі.
Шағым еркін жазбаша (қағаз немесе электрондық) нысанда қазақ немесе орыс тілдерінде уәкілетті органның кеңсесі арқылы беріледі. Шағымға қоса берілетін материалдар қазақ немесе орыс тілдерінде ұсынылады.
Шағымда мыналар көрсетіледі:
- шағымды қарайтын органның атауы;
- жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде), пошталық мекенжайы не заңды тұлғаның атауы, пошталық мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде);
- жеке тұлғаның нақты тұратын мекенжайы және заңды тұлғаның орналасқан жері;
- әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органның, лауазымды адамның атауы;
- әкімшілік рәсімге қатысушы өз талаптарын және дәлелдерін негіздейтін мән-жайлар;
- шағым беру күні;
- әкімшілік рәсімге қатысушының қолы;
- шағымға қоса берілетін құжаттардың тізбесі;
- Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мәліметтер.
Шағым түскен күні Комиссияның жұмыс органы тіркейді және оған кіріс нөмірі беріледі. Өтініш беруші жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес шағым құжаттарын қабылдау келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.
Шағым түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік саласындағы заңдарында және Қағидаларда белгіленген шағымды ресімдеуге, мазмұнына және беру рәсіміне қойылатын талаптардың сақталуын тексеру жүзеге асырылады.
Қажетті материалдар болмаған жағдайда өтініш берушінің атына он жұмыс күні ішінде шағымды қарауға қабылдаудан бас тарту туралы хабарлама жіберіледі. Қайтаруға негіз болған мән-жайлар жойылғаннан кейін қайта берілген кезде өтініш берушінің шағымы жалпы тәртіппен қаралады.
Шағымды қарауға қабылдаудан бас тартылады, егер:
- шағым Комиссияда қаралуға жатпайды;
- шағымға қол қойылмаған не оған қол қоюға өкілеттігі жоқ адам қол қойған;
- шағым белгіленген мерзімді бұза отырып берілген және көрсетілген мерзімді ұзарту және қалпына келтіру мүмкіндігі жоғалған;
- өтініш беруші белгіленген мерзімде шағымды ресімдеуге, мазмұнына және рәсіміне қойылатын талаптарға қатысты кемшіліктерді жоймаған.
Көрсетілген мән-жайлар болған кезде өтініш берушіге он жұмыс күні ішінде шағымның қарауға қабылданбайтыны және берілмеген болып есептелетіні туралы хабарлама жіберіледі.
Мүдделі тұлғаға (патенттік сенім білдірілген өкілге) шағым қарауға қабылданғаннан кейін (мүдделі тұлға болған кезде) шағым мен материалдардың көшірмелері қоса берілген шағымның келіп түскені туралы хабарлама жіберіледі.
Өтiнiш берушi берiлген шағымды Комиссия шешiмдi жария еткенге дейiн қайтарып ала алады.
Шағымдарды Комиссия оларды қарауға қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қарайды. Комиссияның отырыстары күндізгі және (немесе) қашықтықтан форматында өткізіледі.
Шағымды қарауға тараптар және сараптама ұйымының өкілі (қажет болған жағдайда) қатысады.
Тараптар шағымды қарауға жеке өзі, сондай-ақ өз өкілі арқылы қатыса алады. Өкілдің өкілеттігі сенімхатпен расталады.Уәкілетті органның және сараптама жасау ұйымының қызметкерлері көрсетілген адамдардың өкілі бола алмайды.
Комиссия отырыс өткізілетін күнді мынадай жағдайларда кейінге қалдырады:
- шағымды оның қатысуынсыз қарау туралы өтініш берген жағдайды қоспағанда, тараптар келмеген;
- өтініш берушінің қосымша дәлелдемелерді ұсыну үшін уақыт қажеттігі туралы өтінішхаты.
Комиссия шешім шығарады:
- патенттік сенім білдірілген өкілдер қызметінің мәселелері жөніндегі комиссияның шешіміне шағымды қанағаттандыру туралы;
- патенттік сенім білдірілген өкілдер қызметінің мәселелері жөніндегі комиссияның шешіміне шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы;
- патенттік сенім білдірілген өкілдер қызметінің мәселелері жөніндегі комиссияның шешіміне шағымды ішінара қанағаттандыру туралы.
Комиссия өз бастамасы бойынша шағымның нысанасын немесе негізін өзгертпейді.
Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді және сотқа шағым жасалуы мүмкін.
Комиссия отырыстарының бейнежазбалары кемінде 1 (бір) жыл сақталады.
Бұйрық 2026 жылғы 13 ақпаннан бастап қолданысқа енгізіледі.