Денсаулық сақтау саласындағы ҚҚС бойынша қанша төленеді және қашанға дейін төлеу керек
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
2026 жылға дейін дәрілік заттарды өндіруге арналған шикізат пен материалдарды өткізу және импорттау ҚҚС-тан босатылатын еді. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл жеңілдік сақтала ма?
2026 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған Салық кодексінің 394-бабының 33-тармақшасына, сондай-ақ 399-бабы 1-тармағының 10 және 10-1-тармақшаларына сәйкес, дәрілік заттарды өндіруге арналған шикізат пен материалдарды өткізу және импорттау ҚҚС-тан босатылған.
Алайда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы Салық кодексінде дәрілік заттарды өндіруге арналған шикізат пен материалдарды өткізу және импорттау бойынша ҚҚС-тан босату нормалары қарастырылмаған.
Осылайша, Салық кодексінде дәрілік заттарды өндіруге пайдаланылатын шикізат, материалдар мен жабдықтарды ҚҚС-тан босатуды көздейтін ережелер белгіленбеген.
Соған сәйкес, дәрілік заттарды өндіруге арналған шикізат пен материалдарды импорттау және өткізу ҚҚС салуға жатады.
ҚҚС төлеушілердің бірінде 16% мөлшерлемемен ҚҚС есепке жатқызылып, ал сату 5% мөлшерлемемен жүргізілген жағдайда дебеттік сальдо ұлғаюы мүмкін. Ал керісінше, 5% мөлшерлемемен сатып алып, 16% мөлшерлемемен сатқан жағдайда ҚҚС жүктемесі артуы ықтимал. Осындай жағдайда тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша ҚҚС қалай есепке жатқызылады? Әртүрлі ҚҚС мөлшерлемелерін қолдану кезінде есепке жатқызу қалай жүргізіледі? Бөлек есеп жүргізу қажет пе?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Салық кодексінің 503-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес әртүрлі ҚҚС мөлшерлемелері қолданылады.
Дәрілік заттарды (ТМККК, МӘМС шеңберіндегілерді және орфандық, әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеуге арналғандарын қоспағанда) және медициналық бұйымдарды өткізу мен импорттау бойынша: 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 5%, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 10% төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі қолданылады, егер мұндай тауарлар дәрілік заттар, медициналық бұйымдар, медициналық бұйымдардың жиынтықтаушы бөлшектері, сондай-ақ техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар тізбесіне енгізілген болса (Үкіметтің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы қаулысы).
Салық кодексінің 480-бабы 1-тармағында ҚҚС төлеуші болып табылатын сатып алушының тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша ҚҚС сомасын есепке жатқызу шарттары белгіленген. Сонымен қатар, Салық кодексінің 210-бабы 1-тармағына сәйкес, әртүрлі ҚҚС мөлшерлемелері қолданылатын өткізу айналымдары болған жағдайда бөлек салықтық есеп жүргізу міндеті көзделген.
Осылайша: егер сатылатын медициналық бұйым 16% мөлшерлемемен сатып алынып, 5% мөлшерлемемен салық салынатын айналымдар үшін пайдаланылса, онда мұндай медициналық бұйым бойынша ҚҚС сомасы (16%) есепке жатқызу әдісі мен өзге де шарттарды сақтай отырып, толық көлемде есепке жатқызылады.
Егер сатылатын медициналық бұйым 5% мөлшерлемемен сатып алынып, 16% мөлшерлемемен салық салынатын айналымдар үшін пайдаланылса, онда мұндай медициналық бұйым бойынша ҚҚС сомасы (5%) есепке жатқызу әдісі мен өзге де шарттарды сақтай отырып, толық көлемде есепке жатқызылады.
Егер сатылатын медициналық бұйым 5% мөлшерлемемен сатып алынып, ҚҚС-тан босатылған айналымдар үшін пайдаланылса, онда мұндай медициналық бұйым бойынша ҚҚС сомасы есепке жатқызылмайды.
Бұл ретте, әртүрлі ҚҚС мөлшерлемелері қолданылатын өткізу айналымдары бойынша салық төлеуші бөлек салықтық есеп жүргізуге міндетті.
Емханалар ТМККК және МӘМС аясында медициналық қызметтер көрсету бойынша бірлесіп орындаушы болып табылады. Бірлесіп орындаушылар көрсететін медициналық қызметтер ҚҚС-тан босатыла ма?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Салық кодексінің 474-бабы 28-тармақшасының ережелеріне сәйкес, медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар тұлғалар көрсететін, оның ішінде кешенді түрде көрсетілетін медициналық қызметтерді ТМККК және МӘМС аясында немесе орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу үшін көрсету бойынша өткізу айналымы, егер мұндай медициналық қызметтер тиісті тізбеге енгізілген болса, ҚҚС-тан босатылады.
Сонымен қатар, Салық кодексінің 474-бабы 28-тармақшасының ережелері медициналық қызмет көрсетуші бірлесіп орындаушыға да қолданылады, бірақ ТМККК немесе МӘМС аясында медициналық қызмет көрсету туралы шартта тиісті медициналық қызметті бірлесіп орындаушы көрсететіні тікелей көзделуі тиіс.
Егер шартта мұндай талап көзделмесе, онда бірлесіп орындаушы көрсететін қызметтер бойынша ТМККК немесе МӘМС аясында ҚҚС-тан босату қолданылмайды.