Жолаушылар мен багаж тасымалдау қағидаларына өзгерістер енгізілді
Фото: Zakon.kz
Жаңа өзгерістерге сәйкес, халықаралық, облысаралық, қалааралық, ауданаралық бағыттар бойынша жол жүру ақысы мен багаж тасымалдау ақысы жолаушылар тарапынан автовокзал, автостанция немесе жолаушыларға қызмет көрсету пункттеріндегі касса арқылы төленеді. Ал аралық аялдамаларда жол ақысы кондукторға (немесе жүргізушіге) автобусқа отырғызу кезінде, автобус аялдамадан шыққанға дейін немесе жол ақысын төлеудің цифрлық жүйелері арқылы жүргізіледі.
Сондай-ақ халықаралық, облысаралық, қалааралық, ауданаралық және қала маңы бағыттарында жол жүру ақысы жолаушылар агенттіктері немесе электронды төлем жүйелері арқылы да төленуі мүмкін.
Халықаралық және қалааралық бағыттарда жолаушылар мен багаж тасымалдау үшін төлем автовокзалдар, автостанциялар, жолаушыларға қызмет көрсету пункттері, сондай-ақ электронды билет сату агенттіктері мен цифрлық жүйелер арқылы қабылданады. Төлем жолаушының жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы немесе цифрлық құжат сервисі арқылы ұсынылған электронды нұсқасы негізінде жүзеге асырылады.
Жолаушыларды автобусқа отырғызу кезінде билетте көрсетілген тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) жолаушының жеке куәлігімен (түпнұсқа немесе электронды түрде) салыстырылады. Сондай-ақ билетте көрсетілген орын нөмірі мен орналасуына сәйкес отырғызу жүргізіледі.
Сонымен қатар құжатта тасымалдаушылардың уәкілетті органнан маршрут схемаларын, қозғалыс кестелерін, тарифтерді келісу, халықаралық тұрақты тасымалдауға рұқсат алу және оның мерзімін ұзарту тәртібі де нақтыланған. Бұл үшін тасымалдаушы автомобиль көлігі саласындағы уәкілетті органға еркін нысанда өтінім береді. Өтінімге мынадай құжаттар қоса тіркеледі (электронды түрде "Электрондық өтініштер" цифрлық жүйесі арқылы немесе қағаз түрінде):
- маршрут бойынша автобустардың жүру кестесі (жөнелу, келу уақыты, аялдау уақыты, барлық аялдамалар мен шекаралық өткізу бекеттері арақашықтығы, қозғалыс жылдамдығы көрсетіледі);
- маршрут сызбасы (автовокзалдар, автостанциялар, қызмет көрсету пункттерінің мекенжайлары, сондай-ақ мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінің атаулары көрсетіледі);
- жолаушылар мен багаж тасымалдауға ұсынылатын тарифтер (тасымалдаушы тіркелген мемлекеттің ұлттық валютасында, жеңілдік тарифтерімен бірге).
Уәкілетті орган өтінім тіркелген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың талаптарға сәйкестігін тексереді. Егер құжаттар талаптарға сай болса, тасымалдаушыға қосымша құжаттарды ұсыну туралы хабарлама жіберіледі.
Бұдан бөлек, тасымалдау саласына қатысты басқа да құжаттарға өзгерістер енгізілген.
Бұйрық 2026 жылғы 11 мамырдан бастап күшіне енеді.