Балаларын азаптаған ана: Шымкентте жантүршігерлік оқиғаның мән-жайы сотта ашығынан айтылды
Сурет: pixabay
Бүгінгі басты сот талқылауында дәлелдер мен дәйектердің бейнематериалы көрсетілді. Яғни, тергеу соты балалардан жауап алып, сол уақыттағы жағымсыз жайттарды сұрап білді. Балалар анасының, ұрып-соққанын, шанышқыны қыздырып басқанын, үтікпен күйдіргенін және өзен суына қыстың күні салғанын айтып берген, деп хабарлайды otyrar.kz.
Мұндай қатігездікті анасы да сот залында растады.
Алтын Білтебай, судья:
"Тергеуде берген жауаптарыңызды қуаттайсыз ба? Мына жерде жазғансыз. Ашуланып, шанышқыны газға қыздырып, Махмудтың аузын күйдірдім дегенсіз".
- Иә, қуаттаймын, - деді сотталушы.
- Сосын Махмудтың темекі шегіп тұрғанын көріп қалдым. Сосын, үтікті қосып, қыздырып оны бетіне, жамбасына, ішіне бастым деп жазғансыз. Растайсыз ба?
- Растаймын.
Сотталушы ана, кінәсін мойындап өкінетінін жеткізді.
"Денеге орташа ауыр жарақат салу салдары бас бостандығынан айыруға жатады", - дейді жәбірленушінің қорғаушысы.
Естеріңізге сала кетейік, жантүршігерлік оқиға жыл басында орын алған болатын. Туған анасы, бауыр еті балаларына ауыр дене жарқаттарын салған. Туыстарының айтуынша, 10 және 8 жастағы балаларға анасының көрсетпеген қорлығы жоқ. Тіпті, 5 сынып оқитын қызының шашын да қидалап тастаған. Қазіргі таңда барлық балалар мемлекеттің қарауында.