Әйелін өртеп, артынша өзін өлтірген: Тараздағы жантүршігерлік оқиғаның мән-жайы анықталды
Куәгерлердің хабарлауынша, күйеуі мен әйелі арасындағы жанжал түнде басталған. Жақында ғана түрмеден шыққан ер адам, балаларының көзінше әйеліне бензин шашып, өртеп жіберген. Өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем жылдам келген. Әйел бірден ауруханаға жатқызылған.
"1980 жылы туылған науқастың денесін 100 пайыз күйік шалған. Жағдайы ауыр болды. Көрсетілген шұғыл медициналық көмекке қарамастан, қайтыс болды". Қалалық көпсалалы аурухана бас дәрігерінің орынбасары Сәкен Жұмашев
15 өрт сөндіруші жалынды тек жарты сағаттан кейін ауыздықтай алған. Осы уақыттың ішінде үйдің тас талқаны шықты. Өрт сөндіруге көршілері де көмектескен. Олардың айтуынша, әйелі үйде бала тәрбиесімен, күйеуі құрылыста жұмыс істеген.
"Біз 2013 жылы көшіп келдік, сол кезде таныстық. Осы уақыт ішінде жанжал мен төбелесті көрмедік. Үйлері кішкентай болатын, өз күштерімен жаңасын салды. Осы жақында ғана шатырын жапты. Еңбекқор адамдар", — деді көршісі Дильда Сыдыманова "Еуразия" бірінші арнасының тілшісіне берген сұхбатында.
Оқиғадан кейін полиция ер адамға дереу іздеу жариялап, үй маңындағы электр желісінде ілмекте тұрған күйінде тапқан. Алдын ала мәліметтер бойынша, суицид жасаған. Ал, ата-анасы мен баспанасынан айрылған балалардың ең кішісі — үште, үлкені — 22 жаста. Олар қазір туыстарының үйінде.
Бұған дейін Таразда ер адам жанжал кезінде жұбайын өлтіріп, содан кейін үйін өртеп жібергені, ақырында ол өз-өзіне қол жұмсағаны хабарланған. Күдіктінің өзі таяуда түрмеден босап шыққаны белгілі.