Қазақстанда кредиттік рейтинг қызметін жүзеге асыру қағидалары бекітілді
Фото: freepik
Құжаттың күші Қазақстанның кредиттік рейтинг агенттіктеріне қолданылады.
Қағидаларда кредиттік рейтинг қызметін ұйымдастыру тәртібіне, рейтинг беру туралы шешім қабылдауға, оның ішінде рейтинг комитеттерінің жұмыс тәртібіне қойылатын талаптар белгіленген.
Заңның 15-бабының 1-тармағында көзделген рейтинг түрлері бойынша рейтинг комитеттерінің құрамы кемінде бес рейтингтік талдаушыдан жасақталуға тиіс. Олардың қатарында рейтинг нысанына жауапты жетекші рейтингтік талдаушы мен рейтинг комитетінің төрағасы болуы керек.
Аталған заң нормасында мынадай рейтинг түрлері қарастырылған:
- кредиттік рейтинг;
- корпоративтік басқару рейтингі;
- исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкестік рейтингі;
- тәуелсіз кредиттік рейтинг;
- орнықты даму рейтингі.
Рейтингтің өзге түрлері бойынша комитеттердің құрамы кредиттік рейтинг агенттігінің ішкі құжаттарымен айқындалады. Мұндай комитетте кемінде үш рейтингтік талдаушы болуы керек.
Рейтинг комитетінің отырысында жетекші рейтингтік талдаушы баяндама жасап, рейтинг беру туралы ұсыныс енгізеді. Ал комитет рейтингтік әрекетті қарастырып, тиісті шешім қабылдайды.
Рейтинг комитетінің отырысы белгіленген құрамның кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда өткізіледі. Шешім отырысқа қатысушылардың жай көпшілік дауысымен қабылданады.
Кредиттік рейтинг агенттігінің ішкі құжаттарында комитет мүшелерінің құқықтары белгіленеді. Олар отырыстың күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша өз пікірін еркін білдіруге, қарауға ұсынылған ақпарат пен құжаттардың барлығымен танысуға, комитет құрамынан шығуға және қажет болған жағдайда қосымша ақпарат сұратуға құқылы.
Сонымен қатар рейтинг комитетінің мүшелері мүдделер қақтығысының бар немесе туындау ықтималдығы туралы комитет төрағасына және кредиттік рейтинг агенттігінің ішкі бақылау қызметінің басшысына хабарлауға міндетті. Мұндай жағдайда олар отырысқа қатысудан және дауыс беруден шеттетіледі.
Кредиттік рейтинг агенттігі мен рейтингтік талдаушылар рейтинг комитетінің жұмысы барысында алынған ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге тиіс.
Отырыс қорытындысы бойынша хаттама жасалады. Онда барлық қатысушылар, күн тәртібі, жетекші рейтингтік талдаушының баяндамасы мен ұсыныстарының қысқаша мазмұны міндетті түрде көрсетіледі. Сондай-ақ хаттамада қабылданған әдіснамадан ауытқу орын алған жағдайда оның себептері толық негізделіп жазылады. Бұған қоса, дауысқа салынған мәселелер мен олар бойынша қабылданған шешімдер де көрсетіледі.
2027 жылғы 1 шілдеден бастап рейтингтік талдаушылардың білімі мен дағдыларына бірқатар талап қойылады.
Рейтингтік талдаушының жоғары экономикалық, заңгерлік, математикалық немесе техникалық білімі болуы керек. Сондай-ақ тиісті бағыттар бойынша кәсіби қайта даярлаудан өткенін растайтын дипломдары мен сертификаттары да қабылданады.
Кәсіби қайта даярлау туралы дипломдар мен сертификаттарға кредиттік рейтинг қызметі, қаржылық талдау, тәуекелдерді басқару салаларындағы немесе рейтингтік талдаушы қызметінің бейініне сәйкес келетін басқа да білім беру бағдарламалары бойынша оқудан өткенін растайтын құжаттар жатады.
Рейтингтік талдаушы қаржы ұйымында, талдау ұйымында немесе аудиторлық ұйымда кәсіпорындарға қаржылық талдау жүргізу және кредиттік тәуекелді басқаруға қатысты шешім қабылдау саласында кемінде бір жыл жұмыс тәжірибесіне ие болуы қажет.
Бұдан бөлек, рейтингтік талдаушы мінсіз іскерлік беделге қойылатын талаптарға сай болуы керек.
Рейтингтік талдаушы мынадай білім мен дағдыларды меңгеруге тиіс:
Білімі:
- Қазақстан Республикасының қаржы нарығы, бухгалтерлік есеп, бағалы қағаздар нарығы және кредиттік рейтинг агенттіктері саласындағы заңнамасын;
- қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарын;
- қаржылық есептілікті жасау талаптарын білуі керек.
Дағдылары:
- рейтинг нысандарына әсер ететін макроэкономикалық деректерге, сондай-ақ қаржы нарықтары мен салаларға талдау жасау;
- қаржылық есептілікті жасау және талдау;
- кредиттік тәуекелді, дефолт кезіндегі шығындарды және кредиттік рейтингтердің дұрыстығын сандық бағалау;
- рейтинг берілетін тұлғалардың міндеттемелерін орындауы және қаражатты нақты қайтару көрсеткіштері туралы тарихи деректер негізінде кредиттік тәуекелді бағалаудың статистикалық әдістерін қолдану;
- қолданылатын модельдер мен негізгі рейтингтік болжамдардың дұрыстығын сандық тұрғыдан бағалау.
Кредиттік рейтинг агенттігі рейтингтік талдаушылардың білімін растау тәртібі мен нысанын ішкі құжаттарында белгілейді. Олардың білімі кемінде екі жылда бір рет тексеріліп отыруы керек.
Ал жетекші рейтингтік талдаушының қаржылық ұйымдарда, талдау, аудиторлық немесе консалтингтік ұйымдарда кәсіпорындарға қаржылық талдау жүргізу және кредиттік тәуекелді басқаруға қатысты шешім қабылдау саласында кемінде екі жыл жұмыс тәжірибесі болуы қажет.
Қағидаларда мүдделер қақтығысын басқаруға қойылатын талаптар да айқындалған.
Кредиттік рейтинг агенттігі мен оның қызметкерлері рейтинг қызметін жүзеге асыру кезінде тәуелсіздік пен объективтілікті қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан заңнамасы мен агенттіктің ішкі құжаттарының талаптарын сақтауға міндетті.
Кредиттік рейтинг агенттігі рейтингтік талдаушылардың еңбекақысын төлеу жүйесін ұйымдастыру кезінде олардың сыйақы мөлшері агенттіктің қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелеріне және қызметкер бағалауына ықпал етуі мүмкін рейтинг нысанынан агенттік алатын табыс көлеміне тәуелді болмауын қамтамасыз етуге тиіс.
2027 жылғы 1 шілдеден бастап кредиттік рейтинг агенттігі рейтинг беру әрекеттеріне қатысатын немесе оған өзгедей жолмен ықпал етуі мүмкін қызметкерлердің сыйақы төлеу жүйесін кемінде жылына бір рет тексеріп отырады.
Тексеруді ішкі бақылау қызметі қағидалар мен рәсімдердің тиімділігін жыл сайынғы бағалау аясында жүргізеді.
Тексеру нәтижелері кредиттік рейтинг агенттігінің директорлар кеңесі бекітетін ішкі бақылау қызметінің жылдық есебінде көрсетіледі.
Мүдделер қақтығысының алдын алуға, оны анықтауға, басқаруға және ол туралы ақпаратты жария етуге бағытталған шаралар мен рәсімдердің тиімділігін бағалауды тәуелсіз директорлар бақылайды.
Бұдан бөлек, қағидаларда әдіснамалық жұмысты ұйымдастыруға және ақпаратты жария етуге қойылатын талаптар да қамтылған.
Қаулы 17 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі. Ал жекелеген нормалар 2027 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.