Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап
Zakon.kz
"Сонар – 2017" бүркітшілер сайысы өз мәресіне жетті.
Рухани жаңғыру аясында өңірімізде өткен "Жалайыр Шора" бүркітшілер мектебінің 30 жылдығына арналған "Саят" ұлттық спорт түрлері бойынша "Сонар – 2017" бүркітшілер сайысы өз мәресіне жетті. Ұлттық болмысымызды ұлықтаған дода Ескелді ауданы, Сырымбет ауылы "Тау-Жетісу" демалыс аймағында айшықталды. Байрақты бәсекеге облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, қоғам қайраткері Оралбай Әбдікарімов, "Жалайыр Шора" бүркітшілер мектебінің директоры Бағдат Мүптекеқызы және "Қыран" федерациясының президенті Нұрлан Өнербай арнайы қатысты.
Жарыс Қазақстан Республикасы рәміздерінің 25 жылдығы және "Жалайыр Шора" атындағы құсбегілер мектебінің 30 жылдығына арналды. Дода бүркітшілер және қаршығашылар арасында өрбіді. Саятшылық өнерді ұлықтаған бүркітшілер үш күн бойы тау етегін дүбірге бөледі. Аталған бәсекені көруге келген халықта есеп жоқ.
Бірі қаршығасын қомдап, екіншісі ителгіні баптап, аспанға ұшқан кептерге салып, жанкүйердің айызын қандырды. Расында да тау етегі көңілді жайландыратын думанды тойға ұласты. Ақ боз үйлер тігіліп, келген қонақтарға ізгі ниетімен ақ адал асын ұсынған Қаратал, Көксу, Ескелді ауданы мен Текелі қаласының әкімдігі нағыз қазақтың жөн-жоралғысын көрсетті. Көмейіне бұлбұл ұя салған әншілер үзіліс кезінде ортаға шығып, ән шырқап, келген қонақтар мен саятшылардың көңілін көтерді. Қандай керемет, тау етегіндегі тұмса табиғаттың аясында еркін ескен қазақ әні күллі қазақ даласын шарлап, әр тасы мен бұтасынан әуен ескендей күй кешті.
Сонымен үш күн бойы Жетісудың аспанында қалықтаған қырандар бәсекесі де өз мәресіне жетті. Бүркітшілер арасында өткен жарыста астаналық Серікбол Күнтуған І орынды қанжығаласа, Атырау облысынан келген Арман Қошқаров ІІ орынды, ал Жамбыл облысынан келген Серікболсын Жалғасұлы ІІІ орынды иеленді. Алматы облысының абыройын қорғаған Абзал Әбен VІ орынды қанағат тұтты.
Қаршығашылар арасында өткен жарыста жерлестеріміз Бексұлтан Сейтжан І орынды, ал Ренат Мырзабаев ІІ орынды иеленді. Жамбыл облысынан келген Берікболсын Бабажан ІІІ орынға табан тіреді. Жеңіске жеткендерді марапаттап, ақшалай сый-сияпат жасады.
Айта кетерлігі, 100-ден астам құсбегі қатысқан бұл додада Қытай және Монғолия елдерінен келген бүркітшілер де бақтарын сынады. Барлық қатысушы құсбегілердің басын қосып, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген "Қыран" федерациясының президенті Нұрлан Өнербай, "Жалайыр Шора" атындағы құсбегілер мектебінің басшысы Бағдат Мүпеқызы мен жарыстың өтуіне ұйытқы болған облыс әкімдігіне алғыс айтты. Шарада тек құсбегілік өнері ғана емес, жамбы ату, асау үйрету, қыз қуу сынды бірқатар ұлттық спорт түрлерінен де жарыстар өтті. Олар да сыйлықтан құр алақан қалмады.
Ришад Тұрғанбаев
Суретті түсірген Асылан Қажеке
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript