Б.Сағынтаев: Уақытылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету Елжан Біртановтың жеке жауапкершілігінде
Фото: Sputnik Казахстан
Мәселені бақылау ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаевқа жүктелді.
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында амбулаториялық деңгейде дәрілік қамтамасыз етуге қолданылатын шаралар туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндады, - деп хабарлайды Zakon.kz Primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда 2005 жылдан бастап Денсаулық сақтау саласын реформалау мен дамытудың 2005–2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында тегін және жеңілдікпен дәрілік қамтамасыз ету жүйесі қызмет етеді.
Министрлік пен «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы 2018 жылға амбулаториялық дәрілік қамту қажеттіліктері туралы алдын ала ақпаратты жинау жұмыстарын жүргізді, оның аясында кем дегенде 32% немесе 60 млрд теңге көлемінде дәрі-дәрмек тапшылығы анықталды.
Осы мақсатта тегін медициналық көмектің кепілдікті көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу тізімдерін қалыптастыру ережесі бекітілді, және ҚР Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге жіберілді.
Бұдан өзге дәрі-дәрмек айналымы саласындағы бірқатар нормативтік-құқықтық акті әзірленді. Биыл 30 маусымда амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді орталықтандыру мәселесін қозғайтын заң күшіне енді.
Сатып алудың жаңа ережелеріне сәйкес, дәрі-дәрмек және медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу бойынша Бірыңғай дистрибьютор жүргізетін екі кезеңді тендер рәсімнің ұзақтығы – 59 күн. Дәрі-дәрмекті жеткізудің басталу мерзімі шамамен 2018 жылдың 15 ақпанынан 10 наурызына дейін жоспарланған.
Осыған байланысты дәрілік препараттармен қамтамасыз етуде олқылықтың орын алмауы мақсатында Үкімет қаулысының жобасына бірыңғай дистрибьюторға 2018 жылға арналған дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарға деген үш айлық сұранымды бір жерден сатып алу мүмкіндігі туралы толықтырулар қосу ұсынылады.
Мәселені қарауды қорытындылай келе, Бақытжан Сағынтаев дәрі-дәрмек сатып алу мәселелері Мемлекет басшысының бақылауында екенін атап өтті. Проблеманың маңыздылығына байланысты Премьер-Министр Елжан Біртановқа мәселені жеке жауапкершілігіне алу керектігін айтты. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігіне дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жұмыстарына түзетулер енгізіп, жоспардағы кемшіліктерді жою туралы тапсырма берілді.
Мәселені бақылау ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаевқа жүктелді.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript